Басты жаңалықтарЖаңалықтарКино & ТеатрСараптамаларШоу бизнесӘнші

«Арзан әзіл!» Мейрамбек Бесбаев отандық фильмдерді қатаң сынға алды

«Музарт» ансамблінің белді мүшесі қазақ киноөндірісіне көңілі толмайтынын ашып айтты, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

Мейрамбек Бесбаев отандық киноөндірістің бүгінгі кейпіне алаңдаулы. Әншінің сөзінше, қазақстандық картиналарда сан бар,  сапа жоқ.

«Комедияның, арзан күлкінің айналасынан шыға алмай жүр. Сол өкініш боп тұр. Әйтеуір халықты өтірік күлдіртемін деп, 5-10 теңге табу үшін бәрі жан  таласып әлек. Салмақсыз әзілдер, ұрланған анекдоттар,  КВН-нің әрі-бері жағы. Мұндай кино бәрібір ұзаққа шаппайтынын білемін. Аз уақыттан соң ұмытылып кетеді», – дейді Мейрамбек Бесбаев.

Ал, кинорежиссер Асқар Бисембин әншінің бұл пікірімен мүлдем келіспейді. Себебі бұған дейін ол көрерменге өзге жанрдағы фильмді ұсынып көрген. Алайда нәтижесі көңіл қуантпапты.

«Басқа жанрға ешкім бармайды ғой. Өздері комедиядан шаршадық деп айтады, бірақ Әсел Сәдуақасовамен «Адель» деген драма түсірдік. Жақсы драма. Алайда ешкім бармады. Сосын қайтадан комедияға көштік», – дейді Асқар Бисембин.

Иә, мұндай эскпериментті Жеңісхан Момышев та жасап көрген. Бастапқыда Нұрлан Қоянбаевпен бірлесе «Бизнес по казахски» картинасын таспалаған режиссер, көп ұзамай әлеуметтік мәселелерге құрылған кино түсірген еді. Алайда туынды сәтсіздікке ұшыраған.

«Өзіңіз білесіз, мен «Многодедный» деген қарттар үйі туралы кино түсірдім. Бірақ неге ол фильм жайлы айтылмады, еш жерде жазылмады? Аталмыш картинада бір жыл бойы жұмыс істедім, қарттардың жағдайын көрсеттім. Егер «Многодедный»-ды алып қарасақ, ішінде өте көп мәселе жатыр. Тіпті әкімшілікке барып, есігін қаққанда ешкім ашқан жоқ. Сосын өз күшімізбен түсіріп, шүкір бітірдік», – дейді Жеңісхан Момышев.

«Мен шынымды айтсам сол киноларды көрмеймін. Әріптестерім шақырып жатады. Трейлерін бір қарап шығамын, бірден түсінікті. Кино деген дүние өзгеше болу керек», – дейді Бесбаев.

«Әр адамның өз пікірі бар. Мысалы мен қорқынышты киноларды көрмеймін. Өйткені қорқамын. Бірақ мен ешкімге барып айтпаймын. Ағамыздың да өз пікірі бар шығар. Әркім көретін жанрын, фильмін өзі таңдайды. Сондықтан бұл пікірге келіспеймін», – дейді Асқар Бисембин.

Бала кезінен киноәлемінің қыр-сырына қанып өскен Мейрамбек, жеңіл әзілге құрылған комедиялардан гөрі, тарихи тұлғалардың тағдырын суреттейтін байопик түсіруді жоспарлап жүрген көрінеді. Өнер иесі үшін фильмнің өміршеңдігі маңызды. Бесбаев болашақта бұл іске өзі білек сыбана кірісуді көздеп отыр.

«Мен Қаныбек Қасымбеков деген көкемнің үйінде тұрып, өскенмін. Режиссерлік өнер, кино жағынан Шәкен Аймановтан бастап, Абдолла Қарсақбаевқа дейін көптеген әңгімелер естігенмін. Олар фильмі ертең тарихта қала ма, қалмай ма, не береді халыққа, соның бәрін ойлайтын. Ал қазіргілер әйтеуір ақша тапсам болды дегеннен басқаға бас қатырмайды. Сол жағы өкінішті», – дейді Мейрамбек Бесбаев.

Бір рет аузы күйген Жеңісхан Момышев, бұдан былай тәжірибе жасауға жүрексініп жүр. Бүгінде ол көрерменнің талғамына қарай фильм таспалауға түбегейлі көшпек. Яғни, комедиядан алысқа аттамауға бел буған.

«Многодедный» фильмін кинотеатрға шығардық. Бір аптадай көрсетті. Жеті күннен соң алып тастады. Ол кімге керек, яғни ешкімге қажет емес. Көрерменге комедия керек, сондықтан сол жанрда түсіріп жатырмыз», – дейді Жеңісхан Момышев.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button
Close