k-popБасты жаңалықтарЖаңалықтарМузыкаРепортаждарШоу бизнесӘнші

«Crystalz» ұжымы кино түсірмек

«Crystalz» тобы алдағы уақытта өз өмірлері жайлы фильм таспаламақ, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

«Crystalz»-тың қыздары тың мәлімдеме жасады. Естеріңізде болса, бұған дейін атышулы 91 ұжымы жеке өмірлері  жайлы фильм таспалап, қалың жұрттың назарын аударған еді. Атышулы топтың тәсілін енді қыздар да қайталамақ. Girlsband алдағы уақытта өздері туралы кинотуынды түсіруді жоспарлап жүр.

«Егер «Crystalz» үлкен масштабқа жетіп, қойған жоспарларымыздың барлығы орындалса фильм түсіреміз. Өйткені топтағы әрқайсысымызда қиыншылықтар мен көппен бөлісетіндей қуаныштар болды. Біздің де тыңдарманға айтарлық,  халыққа көрсетерлік дүниелеріміз көп», – дейді Crystalz.

«Crystalz» тобының бүгінгі табысы көңіл қуантпаса керек. Оның үстіне q-pop өкілдеріне өзге әншілерге қарағанда тойға сұраныс аз. Сол себепті сылқымдар әр салада қызмет етіп,  нәпақасын тауып жүр.

«Жақында кішкентай бүлдіршіндерге арналған өнер студиясы ашылған. Сол жерде жұмыс істейміз. Сұлу вокалдан, Анель екеуміз биден сабақ береміз», – дейді топтың белді мүшесі Мона.

Қыздар ұжымы жыл басынан су жаңа әндерін жазуға көп уақыт бөлуде. Тіпті күндерінің тең жартысын студияда өткізетін көрінеді. Ал мұндай тығыз кесте, топ мүшесі Дананың оқуына кедергісін келтірмей қоймапты.

«Оқу мен шығармашылықты алып жүру оңай деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бұл өте күрделі қадам. Шынымды айтсам, осы жылы сессия маған өте қиын берілді. Он шақты емихан тапсырдық. Екі мұғалім, комиссия, камера болды. Кәдімгідей қатал түрде өтті», – дейді Дана.

«Crystalz» алғаш құрылған кезде өзге qpop өкілдері сынды  хейтерлердің қақпанына жиі түскен. Үш жыл ішінде жанкүйерлер армиясын жасақтап үлгерген арулардың, бүгінде кереғар пікірлерден көздері ашылыпты.

«Шаштарыңды жұламын деп бір оқырман жазған, одан кейін теріс пікірлер болған емес», – дейді қыздар.

Girlsbandтің тыңдармандарына әзірлеген тосынсыйы мен жаңа жылға құрған жоспары жетіп артылады. Ол үшін қыздар көктемді тағатсыздана күтіп жүр.

«Біз қазіргі кезде жаңа әндермен жұмыс істеп жатырмыз. Одан соң міндетті түрде бейнебаян түсіреміз. Бәрін ашып, жариялағымыз келмейді. Дайындап жатқан тың дүниелеріміз өте көп. Сондықтан да тыңдармандарымызға айтарымыз, көктемде бізден жаңалық күтіңіздер!», – дейді girlsband.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button
Close