Басты жаңалықтарЖаңалықтарШоу бизнесЭксклюзив

Музарт life тобы тарады

«Музарттықтар» артынан ізбасар қалдырамыз деп, арнайы жоба ұйымдастырып Музарт life ұжымын жасақтаған еді. Алайда, көп ұзамай аталмыш топ тарап кетті, деп хабарлайды Shownews.kz

Музарт life тобы тарады! Бұл туралы ұжымның экс-солисі Сұлтан ресми түрде мәлімдеді. Алғашқыда аталмыш бойзбендтің мүшесі Әзиз жеке шығармашылыққа бет бұрса, әріптесінің ізін суытпай Ахмет те өз жолымен кетіпті.
«Біз барлығымыз топтан кеттік. Әркім өз жұмысымен таңғалдырып жатыр. Әр қайсысының өз тыңдармандары бар шүкір», – деді Сұлтан.
«Музарттықтар» артынан ізбасар қалдырамыз деп арнайы музыкалық жоба ұйымдастырып Музарт life ұжымын жасақтаған еді. Алайда, топтың тағдыры ұзаққа бармады. Жігіттерге жетекшілік ететін Майғазиев серілердің жік-жікке бөлінуіне түрткі болған мәселеден бейхабар. Бірақ, Сәкен мырзаның өзіндік болжамы бар.
«Бас жарылса бөрік ішінде дейді. Олар бізге айтпайды. Біз сұраймыз ғой енді неге бұлай деп. Бірақ енді, Сұлтанның үйлендіруімен байланыстырамыз және Азиздің жеке орындаушылық стилі бөлек екендігімен байланыстырамыз, шындығына келгенде», – дейді Майғазиев.
Сұлтанның топтан кетуінің себебін анықтап көрген едік. Үш жылға жуық бір ұжымда өнер көрсеткен жігіттер өзара тіл табыса алмапты. Келісімге келу, ән таңдауда түрлі талғам, ортақ шешімнің тоғыспауы жұмыстың өрбуіне кедергісін келтірген. Сондай-ақ төртікке деген тыңдарманның сұранысы да мәз емес.
«Топта ән айту бар және топты ұстай білу деген нәрсе де бар. Төрт түрлі жігіт. Төрт түрлі ой. Төрт түрлі характер. Әр түрлі отбасының менмін деген жігіттері сияқты ғой енді. Топ деген оңай нәрсе емес. Қиыншылықтар көп болады. Мысалы бір әнге келіспей қаламыз. Мен айтқым келген жерді басқа жігіт айтқысы келеді. Немесе басқасы айтқысы келген жерді мен айтқым келеді. Кейде дауыс дұрыс бөлінбей жатады. Сол кездерде ұрсысып аласың», -дейді Сұлтан Ахмет.
Бұл жағдай «Музарт» тобына да таныс. Жиырма жылға жуық шығармашылық тандем жарастыра білген аға буынның арасында да кезінде түрлі түсініспеушілік орын алғанын Сәкен жоққа шығармайды.
«Топпен жұмыс істеу өте қиын. Оны «Дос-Мұқасан» біледі. Оны «АБК» біледі, «Музарт» біледі. Оны «Жігіттер» біледі. Оны «Алашұлы» біледі. Сол себептен оның қиындықтары шаш етектен. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Төрт қошқардың немесе үш қошқардың басы бір қазанға сыйуы не ғайбіл көп жерлерде», -деді Сәкен Майғазиев.
Бесбаев, Майғазиев және Жанәбіловтің жігіттерді үлкен сахнаға шығарып, жұлдызын жаққаны рас. Алайда топтың тарауына өнер иелерінің өздері кінәлі көрінеді. Себебі, кестенің тығыздығынан болар, шәкірттеріне жеткілікті уақыт бөле алмаған сыңайлы.
«Ағалардың уақытына қарай біз жүретінбіз. Ол кісілердің уақыты тығыз ғой. Ана қалаға ұшып кетеді. Сосын инстаграмнан қарап отырамыз ағалар қашан Алматыға келеді деп. Келген кезде ағаларға жазамыз. Ағалар сіздермен студияда кездессек болады ма? Осындай әндеріміз бар. Жиналыс жасай аласыздар ма біздерге деп. Сосын ағалар мына күні кездесейік дейді», – деді Ахмет.
Иә, дәл осы оқиғадан соң «Музарттықтар» қол астындағы топты сақтап қалуды көздеп отыр. Бірақ аталмыш ұжымның болашағына жауап беруге жасқанады.
«Енді Алла нәсіп етсе Серікболсын мен Нұрхат екеуі жалғастыра берсе дует боп деген ниетіміз бар. Ары қарай енді уақыт көрсетеді. Оларда үйленгеннен кейін бұзылып кетуі мүмкін», – деді Майғазиев.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button
Close