Басты жаңалықтарЖаңалықтарШоу бизнесШоумен & ТұлғаЭксклюзив

Эксклюзив! Тәуекел Мүсілім тұңғыш рет жары жайлы сұхбат берді

Бойдақтықпен қоштасып, шаңырақ көтергелі жеке өмірі жайлы тіс жармаған өнер иесі, алғаш рет келіншегі туралы ашып айтты деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

Тәуекел Мүсілім отандық шоу-бизнестегі сүрбойдақтар санатынан жылдар бойы түспей келген серілердің бірі еді. Талай қыздың арманына айналған актер, былтыр  жүрегінің жартысын жолықтырды. Мешітте ақ некесін қиып, заң алдында да ерлі-зайыпты атанған-ды.

«Бір көргеннен ұнаттым. Әрі қарай таныса келе, сөйлесе келе үлкен сезімге ұласты.  Жарымның адамгершілігі, тәрбиесі, кең жүректілігі баурап алды. Адамдарды жақсы көріп, әрдайым көмектесуге дайын тұрады. Екеуміздің өмірге деген көзқарасымыз да бір», – дейді Тәуекел.

Актердың таңдауы қостанайлық Махаббат есімді аруға түскен. Жастар Алматыда өткен кастингтердің бірінде жолығыпты. Тіпті алғаш таныстығы туралы сұрап, қызығушылық танытқан әлеуметтік желідегілерге актердың жары арнайы пост жариялағаны бар.  Бүгінде медицина саласында оқитын ару, бос уақытында тырнақ сәндеумен айналысады.

«Қазір жетінші курста оқып жатыр. Биыл бітіреді. Әрі қарай арнайы маман болу үшін тереңірек оқысам ба деген ойы бар. Ол жағын осы жеті жылдығын бітіргеннен кейін көре жатамыз. Ал тырнақпен тек хобби ретінде айналысып жүр. Болашақта дәрігер болып жұмыс істейді», – дейді актер.

Мүсілім Махаббаттың таңдауына үнемі қолдау білдіретінін алға тартты. Сәйкесінше жарынан да  актерлығына сыйластық танытуын талап етіпті. Бұған дейін бірқатар отандық кино-клиптерде бой көрсетіп, тіпті Жанар Дұғалова, Гүлназ Жоланова сынды  серіктестерімен ашық сахналарды сомдаған Тәуекел, әрі қарай да бикештермен бірлесе өнер көрсетуден бас тартпайтынын айтты.

«Бұл жөнінде Махаббатпен сөйлесіп, алдын ала айтып, келісіп қойдық. Егер менде түсірілімдер басталса 12 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Кейде түсте басталса, таңға жуық бір-ақ бітуі мүмкін деп оның бәрін ескерттім. Сол себепті ол жағынан қиындықтар жоқ»,  – дейді Мүсілім.

Бүгінде Тәуекел анасы, жары үшеуі бір шаңырақ астында тұрады. Сүрбойдақ шағында дос-жаранымен сауық кештерде көңіл көтеріп, қалтасындағы қаржысын да емін-еркін жұмсайтын актер, бүгінде үйіне асығатын болған. Табысын оңды-солды шашуды да қойыпты.

«Үйленгелі бәрі басқаша, бұрынғыдай жеңіл оймен жүре алмайсың. Ертерек үйге барайын, анамды көрейін, әйелімді құшақтайын деген сияқты», – дейді актер.

Орда бұзар жастан сәл асып, теңін тапқан Тәуекел бүгінде тойдың қамына кіріскен. Актердың әулеті қуанышты жиынның қонақтар тізімін де түгендеп қойыпты. Жаз айына жоспарланған дүбірлі кешке 400-ден аса адам шақырылмақ.

«Тойға дайындық басталды. Қазір адам санын түгендеп қойдық. Енді мейрамхананы іздейміз. Махаббаттың көйлегін де қарастырып жатырмыз. Ал безендіру тағы қалған ұсақ-түйегін тойхана тапқан соң ойластырамыз. Қуанышыммен ортақтасуға өзіме ең жақын адамдарды, туыстарымды, ағайын-бауырларымды, өнердегі жүрген барлық әріптестерімді шақырамын. Мен үшін бастысы сол», – дейді өнер иесі.

Актердың жары бүгінде әлеуметтік желіде белсенді. Мүсілім де келіншегінің қалың жұртшылық назарында жүруіне қарсы емес. Жақында Махаббатпен жарнама ролигінде төбе көрсеттті. Сүйіктісін киноәлеміне жолатпаса да, бейнебаянға түсуіне оң қабақ танытып отыр.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button
Close