АфишаБасты жаңалықтарЖайдарманКино & ТеатрШоу бизнесЭксклюзив

«Бизнес по-казахски в Корее» фильмінің тұсауы кесілді

Күні кеше «Бизнес по-казахски в Корее» фильмінің тұсауы кесілді. Көпшіліктің көзайымына айналған картинаның су жаңа сюжеті Кореяда өрбісе, Нұрлан Қоянбаев киноның келесі бөлімін көрермен таңдауымен таспаға тартуды жоспарлауда, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

Күні кеше Нұрлан Қоянбаевтың комедия жанрындағы кезекті туындысының тұсауы кесілді. Жыл сайын «Бизнес по-казахски» фильмін шетелдерде таспалайтын түсірілім тобы, бұл жолы Оңтүстік Корей еліне бет алған.
«Кинода солтүстік пен оңтүстік Кореяны көрсеткіміз келді. Бірақ, солтүстік Кореяда фильм түсіру өте қиын болды. Барлық құпияны аша бермеймін. Бірақ, үш төрт айдай телефон соғып хабар күттік. Бізге рұқсат бере ме, жоқ па деп қатты алаңдадық», — деді Қоянбаев.
Әдетте әр елдегі қызықты оқиғаны суреттейтін кино команданың хикаясы бұл жолы пластикалық отаның отаны Кореяда өрбиді. Аталған елде басты рөлдегі бикештер ботекс жасатып, кәріс қыздарының кейпіне енуге тырысады.
«Өте аз уақыттың ішінде көп сахналарды түсіруіміз керек болды. Таңғы бесте тұру. Оның үстіне Дариға екеумізде бет әрлеуіміз бар. Егер  барлығы жетіде тұратын болса, біз бесте тұрамыз. Екіншіден, ыстық болды. Жабыстырған кірпігіміздің кілейі түсіп қала берді. Сондай сияқты қиындықтар болды», — дейді Гүлнәз Жоланова.
Дәл осы образ Бадықоваға жақпаған сыңайлы. Дариға «Бизнес по-казахски» фильмінің барлық бөлімдерінде бой көрсетіп тәжірибе жинағанымен, таңдалған кейіпкеріне актрисаның көңілі толмай келеді.
«Мен әлі ештеңені қатырған жоқпын. Бұл образбен бәрін бітірдім деген сөз емес. Өзімнің кейіпкеріме көңілім толмайды. Енді фильм  ұнады. Өз ісіңді қалай жаман деп айтасың», — дейді Дариға Бадықова.
Алдымен Қазақстан, содан соң Америка, Африка және Корея! Киноның әр бөлімінде тіл білмей сан мәрте тығырыққа тірелген Еркоштың қызықтары, кадрдан тыс та жалғасын тапқан.
«Мен тіл білмесем де нан сұрай аламын. Ал, енді білмей жатсам түріммен ымдап көрсетемін. Аш қалмаймын. Қарным ашқанын күшті көрсетемін. Тіл білмей енді Дариға тате екеуміз жаңағыдай бір заттар сатып алып жатқан кезде, Дариға тате тіпті қазақша түсіндіреді. Сондай қызықты оқиғалар көп болды», — деді Рамазан.
Аталмыш фильм желісі әдеттегідей. Еркош шетелде адасып, тағы да туыстарын әуре сарсанға салады. Бұл жолы ағасын іздеп оңтүстік Кореяға аттанған актер абайсызда мемлекеттің солтүстігінен бірақ шығады.
Отандық киноиндустрия қоржынын тағы бір комедиямен толықтырған Қоянбаевтың еңбегіне алғашқы көрерменнің берер бағасы қандай?
«Комедияларға жиі барамын. Содан соң, 5 минуттан кейін барлығын ұмытып кетемін. Білмеймін бір қыдықтап күлдіру ма, арсыз күлкі ма, әлде ой тастамайтын нәрсе ма. Ондай кинолар өте көп өкінішке орай. Бірақ, мен Нұрланның жанкүйерімін. Баламда жанкүйер. Өйткені Нұрланның комедиялары шынында да ой тастайды, керемет», — деді Меруерт Түсіпбаева.
Көпшіліктің көзайымына айналған «Бизнес по-казахски» картинасының су жаңа сюжеті Кореяда өрбісе, келесі бөлімі де жаңалықтарға толы болмақ. Алдағы уақытта тұрақты актерлардан жасақталған түсірілім тобының құрамы өзге кейіпкерлермен көбейіп жалғасын таппақ!
«Енді болашақта бір-екі жаңадан актер қосылуы мүмкін. Жаңадан туысқан келуі мүмкін ғой. Ақпан айында біз сауалнама жүргіземіз. Келесі фильмді түсірейік пе деп. Қай елде түсірейік деген сауалнама жасаймыз. Сондықтан көрермен Англия, Австралия десе қай жақты таңдайды сонда түсіреміз», — деді Нұрлан.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close