Басты жаңалықтарЖаңалықтарКино & ТеатрСұхбаттарШоу бизнесЭксклюзив

Ерлан Біләл: «Мен ол адамды кешіру керекпін деп ойладым»

Былтыр басына іс түскен актер Ерлан Біләл дәл қазір қайда жүр? Бүгінде өнер майталманы жан-жарасынан айықты ма? Өнерпаздың өзіне ор қазған жанмен қарым-қатынасы қалай? Сот барысында сырқаты сыр берген Біләл қандай қадамға барды? Толығырақ актердің Shownews.kz ақпараттық порталына берген cұхбатынан оқи аласыздар.

Ерлан Біләл әкем театрды басқармас бұрын, сахнаның сардары еді. Салмағы ауыр талай рөлді жатсынбай, дөңгелетіп әкететін. Алайда, 2018 жылдың басында істі болып, өнер иесін тағдыр қатаң сынға алғаны хақ. Заң алдында жауап берді. Бұл жағдай актерға ауыр батқанымен, сағын сындырмаған.

«Жақсылықтан ешқашан күдер үзген адам емеспін. Адамдардың жақсылығына, мейіріміне сенемін. Тіпті, осы бір қатал адам дегенде жұмсақтық жатады. Соны табуға, сол адаммен қарым-қатынас орнатуға тырысамын. Бәріне кешіріммен қарайсың. Менің анам айтатын білмегенді кешпесең, білгенің сенің қайда бар? – деп. Пенде болғаннан кейін қиналасың ғой, қалай қиналмайсың?! Қиналасың», – дейді Ерлан Біләл.

Сахна саңлағы мұндай сын сағатта Абайдан, Шәмшіден жанына медеу тапты.

«Менің актерлық өмірім мен шығармашылығыма ешкім шектеу қойған жоқ. Болған дүниенің барлығы басшылық, директорлық айналасында болған дүние. Кейбіреулер ол қайтіп Абайды ойнайды дегендей айтты. Шығармашылығыма қатысты емес ол, ешқандай қатысы жоқ. Заң жүзінде де сабақ беруге, актерлығыма ешқандай шектеу қойған жоқ. Сондықтан рөлдерімді ойнап жатырмын», – дейді әкем театрдың экс-директоры.

Басынан өткен бұл жағдай тек оның ғана емес, күллі қазақ өнерпаздарының да балтырын сыздатқан еді. Өнер иесі сотқа дейін әрі соттан кейін деп бөлінген өмірінен не түйгенін де жасырмады.

«Өмір болғаннан кейін бәрі болады. Оң қарайтындар да, теріс қарайтындар да болады. Қасыңнан табылатындар да, табылмайтындар да, тіпті, жоқ боп кететіндер де бар. Өмірде сондайдың болатынына көзім жетті. Кешіру керек деп ойладым. Өмірді терең тани түсесің ғой. Адамдарды терең тани түсесің. Қарайсың да Абай айтқандай, «қайнайды қаным, ашиды жаным» дейсің. Жаның ашиды», – деді өнер майталманы.

Иә, істі болғанға дейін халықтың сүйіктісі бола білген актер есімі одан соң көп айтыла қоймады. Десе де, Ерлан Біләл қара шаңырақ театрға өнерін құрметтеп келетін көрерменнің саны кемімегенін айтты.

«Көрерменнің ықыласы  өзгерген жоқ. Өзгермеген де. Менің ойымша өзгермейді де. Өйткені мен Шәмшіні бұрынғыдан басқаша ойнап жатқан жоқпын ғой. Мұқағалиді де сол қалпында беріп жүрмін. Абайды бұрын қалай ойнасам, бүгін де солай сомдап жатырмын.  Басымнан сан қилы күндер боп жатқанның өзінде алыстан ат терлетіп, Семейден, Атыраудан самолетпен ұшып келіп көрермендерім көріп жатты. Өзім таң қалдым», – дейді Ерлан.

Көрерменнің шын ықыласы өнер иесін қуантып қана қоймай, қиын қыстау кезде күш-жігер бергенін де жасырмады.

«Мен қай жерде жүрмедім? Тек қана үйде тығылып жатқан жоқпын ғой. Сонда халықпен кездескен жерде көз жанарынан сізге деген ілтипатты көресіз, сүйіспеншілік деген сол ғой. Басымыздан іс өтіп жатқан кезде сол маған үлкен сенім шақырды. Сол маған үлкен қуат болды. Ол үлкен күш-жігер берді», – деп ағынан жарылды актер.

Актер аяғынан шалған жанмен бүгінде ара-қатынасын ажыратса да,  ол адамды іштей кешірген. Бірақ бұл жағдайдың Ерлан Біләлдің жанына батқаны соншалықты, денсаулығы сыр беріп, ауырып қалуы да жиілеген.

«Ол адамды бүгінде көрмеймін де, одан кейін көрген де жоқпын. Бір адамға ренжуге болады. Бір адамға тіпті, ренжуге де тұрмайды. Сондықтан бұл жерде анау еді, мынау еді деп айтатын ештеңе жоқ. Құдай Тағаланың маған ой бергеніне, таным бергеніне, соны түсіне алатын, соны кешіре алатын өре бергеніне алғыс айтамын. Егер мен оны кешірмесем, оның артынан бәле қуып, кек қайтарамын десем, одан сайын ауру боламын. Одан сайын денсаулығымнан ажыраймын. Ол кімге керек? Қайғыдан қан жұтып, жаңағы жерде, күндіз-түні соны ойлап, керегі не оның?», – дейді өнер иесі.

Ерлан Біләл әкем театрға басшы боп тұрған жылдары өнер ордасының абыройын асқақтатып, күллі әлемге қазақ театр өнерінің беделін көрсетуде жемісті еңбек ете білді. Әйтсе де, актер аяқсыз қалған істеріне өкініші мен әлі де әттеген-айы барын айтты.

«Талай дүниелер жоспарда бар еді. Өткен жылдың қараша айында Жапонияның «Но» театры бізге келу керек еді. Келе алмай қалды. Біздің сол елге қайта баруымыз жөнінде келісімге келген едік. Ол да болмай қалды. Сингапурге баруымыз керек еді. Ол да болмай қалды. Францияның «Avenue» фестиваліне баруымыз керек еді. Ол да болмай қалды. Жапония жайында ойларымыз, түсіріп келген дүниелеріміз бар еді. Соның бәрі жарық көрмей қалды», – дейді Біләл.

Бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында Ерлан Біләл атындағы шеберхана бар. Сахна саңлағы, неше жылдан бері бірқатар шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз. Сондай-ақ, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған ардақты жан.

«Келін түсірдім. Екі немерем бар. Айша, Айтемір деген. Соларды тәрбиелейміз, алданамыз. Ол өмірдің бір ғажабы. Солармен ойнау үшін үйге қарай асығамыз. Шаршаған кезде ұрсасың, олар жылап саған айтқанын істетеді. Сосын айтқандарын орындайсың. Солай жүрміз», – дейді актер.

Бүгінде барлық мұңнан арылып, шығармашылыққа белсене кіріскен Ерлан Біләл енді қазақ киноөндірісіне өз үлесін қосуды қалайды.

«Арманым – кинода үлкен бір образ жасау», – деп сөзін түйіндеді актер. 

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button
Close