МузыкаӘнші

Жанғали Әбішев — Әнші, Жауапсыз махаббаттың иесімін!

IMG_2338

— Жанғали, «Қазақстан дауысы» жобасы аяқталғанына да біраз уақыт өтіпті. Содан бері қайда болдыңыз?

— Жобадан кейін негізі ой үстінде жүрдім. Қалай, неден бастағаным дұрыс болар екен дегендей. Ән іздеп, таңдап деген сияқты. Мүмкін үміттеніп, жақсы бір ұсыныстар күткен шығармын. Продюсерлер тарапынан, немесе қолдаушым табылса жұмыс бастап кетуге дайын болдым. Біраз уақыт өткеннен кейін Алматы қаласына келіп, ізденіп, әрекеттене бастадым. Болған ұсыныстар табиғатымнан, жан-дүниемнен алыстау дүниелер болды.  Әр әншінің өз бағыты, ой-арманы бар.  Мен де өз ойымдағы, қалауымдағы дүниелерді көрсеткім келеді. «Қазақстан дауысы» жобасының екінші маусымы басталғанда мені қолдайтын ағаларымыз табылды. Дауысыма қызығып, талантты екенсің, бейнебаян түсіріп берейік деп шақырды. Аллаға шүкір деймін, маған бұйырған бір сыйы деп білемін. Бәлкім осы уақыттар аралығында сыналып та көрген шығармын. Міне, бүгін бейнебаянымды қолыма алдым. Барлық музыкалық телеарналардан көрсетіп бастап кетті.

— Әндер жазып үлгердіңіз ба?

— Ия, жақын арада эстрадалық бағаттағы мұңлы әрі көңілді әндерімді тыңдай аласыздар. Мен негізі өзімді жобада көп аса классикалық әнші ретінде көрсеттім. Финалдың өзінде опера әншісі  Майра Мұхамедқызы мен бірігіп Үкілі Ыбырайдың әнін алып шықтық. Жобада Медеу ағамызбен ақылдаса отырып, салмақты әндермен өзімнің деңгейімді, даусымды көрсететін әндер қатарын орындап шықтым. Ал, алғашқы бейнебаянымды  лирикалық, махаббатты жырлайтын «Дидарыңды сағындым» әніне түсірдік. Бұл әнді жобаға қатыспай тұрып жаздырып үлгерген болатынмын. Медеу ағама тыңдатқанымда осы әнге міндетті түрде бейнебаян түріру керек деп жобада айтқан. Ән көпшіліктің көңілінен шығып жүр.

— Бейнебаянды түсіру желісіне тоқтала кетсеңіз. Идея кімдікі? Оқиға желісі қалай өрбіді?

— Бейнебаянда қызбен жігіттің махаббаты баяндалады, яғни әннің сөздері баяндап тұрғандай қос ғашық  екіге айырылады. Бейнебаян желісінде өз өмірімде болған оқиғаны баяндап, жеткізгім келді. Идея өзімдікі, режиссермен  келісе отыра бірге шешім қабылдадық.  Жалпы бейнебаян өзімнің көңілімнен шықты, енді алғашқы жұмысым екенін ескерек кетсек қатты сын бола қоймайды деп ойлаймын. Медеу ағама көрсетудің реті түспей жүр еді, осы бүгін ғана көріп, бағасын берді. Ол кісіге де ұнады, бейнебаян әннің мағынасын ашып, үйлескен екен, әсерлі, жүрекке жетеді деп оң бағасын берді.

— Яғни, сіз жауапсыз махаббаттың иесісіз?

— Ия, болды. Қатты ғашық болғанмын. Бірақ ешкімге тілемеймін.

— Отбасын құруды қашанға жоспарлап отырсыз?

— Көңілімнен шығатын тәрбиелі, иманды,өнерімді түсініп, қолдайтын  қылықты қыз кездесіп жатса,уақыты келгенде Аллахтын бұйрығымен отбасын құрармыз.

— Мүмкін себеп сіз жаңа айтып қалдыңыз ғой, өзімді классикалық әнші есебінде көрсеттім деп, продюсерлер тарапынан эстрадалық бағыттағы әнші есебінде көрсеткенде ұсыныстар боларма еді?  Қазіргі таңда классикалық әншілерге сұраныс та аз сияқты.

— Ия, мен де соны ойладым. Кішкентайымнан эстрадалық әндер орындап, байқауларға қатысып келемін. Менің классикалық бағытқа келгенім өзімнен үлкен ағам ән жазатын, өзі де ән айтатын. Сол кісі бала кезімде классикаға бағыттап, опера әншісі боласың деп үгіттеген. Ол кезде бас тартып, мен кәдімгі әншілер сияқты қолыма микрафон ұстап ән айтқым келеді деп айтатынмын. Кейін ағам түсіндіріп, көп эстарадамыздағы әншілер опера әншілерінен сабақ алады деп, содан Шымкент қаласында музыкалық колледжде төрт жыл білім алдым. Бітірген соң Алматы қаласына келіп, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясынан білім аламын деген жоспарларым болды. Қабылдауға барғанымда классикалық бағытта білім алғанымды айтқанда ол кісілер де маған классика бағытын жалғастыр деп кеңес берді.

— Не үшін жалғастырмадыңыз енді? Мүмкін қазір опера әншісі болып жүрер ме едіңіз?

— Менің орындауымда негізі халық әндері, италияндық, классикалық әндер және эстрадалық бағыттағы әндер бар. Классикалық бағыттағы әндеріме де сұраныстар бар. Көп аса элиталық банкеттер, ресторандарда жанды дауыста орындауға шақырып жатады. Жанды, тірі  дауыста ән айтқаннан ләззат аламын. Барған жерлерімде тек жанды дауыста орындап жүремін, Медеу ағамның да бар айтар ақылы сол. Маңдай теріңмен, тек таза еңбектеніп жетістікке жет деп жиі айтады.

— Дауысыңызды қалай күтесіз? Вокалмен аптасына немесе күніне қанша уақыт айналысасыз?

— Ең бастысы шылым шекпеймін, спортпен айналысамын. Аса қатты күтім жасаймын деп айта алмаймын.  Вокалмен, шынымды айтсам өзімнің ниетіме байланысты. Көп аса жанды дауыста ән айтып жаттығамын.

— Медеу ағамызбен қазіргі күні қарым-қатынасыңыз қалай?

— Өте жақсы араласамыз, жиі кездесіп тұрамыз. Өнердегі жанашыр ағам, ұстазым. Ол кісі де мені шәкіртім деп айтып жүреді жүрген жерінде. Кейде өзімен концерт, тойларға ертіп жүреді. Кей кісілер хабарласып жатады Медеу ағанын шәкірті екенсіз деп  концерт, қайырымдылық кештерге, тойларға шақырып жатады. Ән таңдау барысында болсын, бейнебаянға қатысты болса да ақылдасып отырамын.

— Өнерде жүрген ағаларыңыздың ішінен кімді үлгі тұтасыз? Кімге қарап бой түзеп, еліктеп өстіңіз?

— Ең бірінші айтарым ол Медеу аға. Сол кісіден үйренгенім, үйреніп келе жатқаным көп. Өнерін қатты бағалаймын, өте салмақты адам. Өнерде, халықтың алдында қандай болса, өмірде де сондай қарапайым, адамгершілігі мықты кісі. Мысалы маған жерлесім екен, туысым екен деп ертіп, көмектесіп  жүргені жоқ. Ең бастысы өнерімді қолдап, барынша ақылын айтып,өз  жолымды, орнымды табуыма көмектесіп келеді. Кішкентайымнан Медеу, Жұбаныш, Сәкен ағаларымыздың әндерін айтып өстім. Дегенмен, нақты біреуге еліктедім дей алмаймын. Еліктеген бір жағынан дұрыс, солай жетілесің, бірақ өзіңді жоғалтып алмауың керек. Өнерде өз атын, өз орнын қалыптастырған дұрыс.

— Өнерге жаңашылдық, ерекшелік енгізу ойыңызда бар ма?

— Олай деп қазір кесіп айта салу қиынырақ. Дегенмен, кішкентайымнан ерекше дүниелерге құмармын. Әрдайым билегенде, құттықтағанда  болсын ерекшенуге тырысып жүремін. Ерекшеленгенде ерсі, жасанды дүниелермен емес, табиғатыма сай ән айту шеберлігіммен ерекше орнымды табамын деген ойдамын.  Әнді ашып жеткізу үшін актерлік шеберлік қосу керек, би-қимылмен көрсететін тұстары болса қолдан келгенше сол деңгейде орныдауға тырысамын. Негізі биге икемім жақсы, оны көп достарым да айтып жатады. Тағы бір ерекшелігім лирика мен классикалық әндерді қосып орындау болмақ.

— Халық әндеріне ерекшелік енгізіп орныдау ойыңызда бар ма? Мысалға Қайрат Түнтеков «Наз қоңыр»  әнін өзінше бағытта орындап шықты. Үлкендер тарапынан сынға үшырағанымен, жастар жағы жақсы тыңдап жүр.

— Мен оған қарсымын. Бір дүниелер болады өзі, оған тиісуге мүлде болмайды.  Сол сияқты халық әндерін сол күйінде келешек ұрпаққа жеткізу керек. Осы күнге дейін аталарымыз, ағаларымыз бізге еш бұрмалаусыз жеткізіп келді. Ол біз үшін тарих, аманат деп түсінуіміз керек. Біздің халық әндеріміз кең диапазонды ғой, оны мен орындай алмай, өзіндік милизмімді қосып орындасам, одан мені тыңдаған адам ол өзінікін қосуы мүкін.

— «Қазақстан дауысы» жобасындағы достарыңызбен араласып тұрасыздар ма?

— Әрине, әлеуметтік желілер арқылы араласып,  бір-біріміздің жетістігіміз үшін қуанып, тілекші боп отырамыз. Әр қайсысы өзінше бір тұлға, еңбектеніп, ән жаздырып, әрекеттеніп жатыр. Продюсермен жұмыс жасап жатқандары да бар.

— Былтырғы«Қазақстан дауысы»  мен биылғы «Қазақстан дауысы» жобасында айырмашылықтар бар ма?

— Бірінші жылы жобаға бес қаланы аралап, содан тоғыз мың адам қатысқан болатын. Екінші жылы үш мыңға жуық адам қатысыпты. Қаншама талантты жастар қатысты. Өзім Медеу ағаның қасында кеңесшісі болып отырдым. Қатты айырмашылық бар деп айта алмаймын, деңгейі де шамалас. Қай қайсымыз үшін де үлкен мектеп, тәжірибе болды. Біздің бағымызға бұйырған керемет жоба. Қаншама халық күтіп, қолдап, жанды дауыста ән шырқап, оған халық өзі куә.

— «Қазақстан дауысы» жобасында көрермендер мен тәлімгерлерден тиісті бағамды алдым деп ойлайсыз ба? Өзіңіздің өнеріңізге толықтай көңіліңіз толды ма?

— Өзімнің көңілім толған ең алғашқы көрмей тыңдау мен финал. Қалғандары көңілімнен шыға қоймады. Негізі мен өзіме көңілім тола бермейтін адаммын. Ол бір жағынан дұрыс та, өзіңді жетілдіресің, ізденесің.  Егер адам өзіне көңілі толса, сол деңгейде тоқтап қалуы мүмкін. Мен үшін Медеу ағаның тобында болу, ол кісімен жұмыс жасау үлкен абырой. Мен үшін жеңіс емес, жобаға қатысып өзімді көрсетіп, дәлелдеп, өз бағамды алғаным бір мәртебе.

— Алдағы уақытта елдің намысын қорғап, ірі байқауларға қатысу ойыңызда бар ма?

— Ия, Үлкен байқауларға  қатысып, елдің намысын қорғау менің қазіргі армандарымның бірі. Іріктеулерден өтіп жатсам, болашақта қуана-қуана барар едім.

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close