Кино & ТеатрСұхбаттар

Тәуекел Мүсілім: «Қиын сәтте балаға әкенің көмегі қажет екен»

Талантты актер, танымал тележүргізуші, сонымен қатар әншілік қырынан да байқалып жүрген, сегіз қырлы, бір сырлы азамат Тәуекел Мүсілім «Жұлдыздар әлеміне» сұхбат берді. Өзінің бүкпесіз айтылған сұхбатында актер, балалық шағы туралы, өзінің есімінің қойылу тарихы туралы айтып берді.

— Тәуекел, сұxбатымызды шығармашылығыңыздағы жаңалықтарыңызды сұраудан бастағымыз келіп отыр.

Қазіргі таңда Ұлттық арнадағы эфирге шыққанына көп болмаған «Сәлем Қазақстан» атты жаңа бағдарламаны жүргізіп жүрмін. Сонымен қатар актер ретінде бірер жобаға қатысқалы жатырмын. Ол өзі бір ерекше жоба болғалы тұр. Әйтсе де ол туралы айтуға ертерек. Жобаны түсіріп болғанға дейін құпия боп қала тұрсын.

Ал енді ән айтуды әзірге тоқтата тұрғанды жөн санадық. Өйткені оған біраз уақыт та, дайындық та керек. Осы кезге дейін айтқан әндерім жақсы, дегенмен менің орындауым сәйкес келмеген секілді. Жақсы әндердің деңгейін түсірмей, дайындалып барып орындаған дұрыс деп есептеймін. Қазір сондай бір жақсы ән  дайындау үстіндеміз.  Оны күзге қарай шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Сол уақытта көрермен өз бағасын бере жатар деген ойдамын.

—  Жеке өміріңіздегі жаңалықтар туралы да айта кетсеңіз?

—  Жеке өмірге келсек, басым бос, уақыт жоқ. Анда-санда анам «келін қашан келеді?» деп сұрап қояды. Бірақ оған нақты жауап беру мүмкін болмай отыр. Қазір бар уақытым жұмысым мен дайындыққа өтіп жатыр. Сонан соң  қазір жасап жатқан ісім, кәсібім өзіме ұнап, соның әсерімен жүргесін бе, үйленуге аса бір құлшысым да жоқ секілді. Қазіргі таңда жасап жатқан ісімнен ләззат алып жатырмын.

—  Сонымен қатар, көрермендерді сіздің ерекше есіміңіз де қызықтырып жүр.  Тәуекел деп атыңызды кім қойды?

—  Есімімді әкем қойған. Оқырмандар біле ме, жоқ па, ол жағы маған беймәлім, менің ата-анам кішкентай кезімде ажырасып кеткен. Сол уақыттарда анамнан не үшін “Тәуекел” деп қойды атымды деп сұрағанда, ол кісі ашып айтпайтын. Сондықтан бертінге дейін сұрамай келдім.

Кішкентай кезімде есімім өзіме ұнамайтын. Өйткені қиын есім, біреумен таныссаң, қайтадан сұрап мезі етеді. Әсіресе, орыстарға “Тәуекел” дегенде “Как, как?” деп қайталап сұрайтын. Содан есімімді қайталауға тура келіп, өзіме әбден ыңғайсыздық туғызады.

Кішкентай кезімде Қанат деген жақсы досым болатын. Соның әсері болуы керек, анама жүгіріп келіп: “Анашым, менің атымды Қанат деп қойшы” деп анамды күлдірткенім есімде.

Жалпы бала кезімде есімімнің тарихын білмейтінмін. Мектепте оқып жүргенде Тәуекел деген хан болғанын оқыдым. Сонымен қатар әкемнің екінші отбасындағы  үлкен ұлдарының есімі Абылайхан болған соң, менің есімім де сол хандардың құрметіне қойған болар деп ойлағанмын.

Кейін ержеткен соң, апамның жанында отырып, аяқ астынан сұрап қалдым. Сол уақытта ғана: «Тәуекел деген ханды білмейміз. 80-ші жылдары көп тәуекел еттік. Әкең де тәуекелшіл адам еді. Сол кезге байланысты қойылған» деп түсіндіріп берді. Қазір аты-жөнім Тәуекел Мүсілім екеніме қуанамын. Өйткені өзгелерден ерекше, басқа адамдармен шатастырып алмайды.

Screenshot_2

—  Есіміз Тәуекел, атыңызға сай тәуекел еткен кездеріңіз көп болды ма?

—  Әрине болды, шыны керек, есімде заңдылық бар сияқты. Негізі сәбидің есімін де ойланып, барып қойған дұрыс. Өйткені есімі баланың тағдырына әсер етеді дейді ғой. Сол сөз шын сияқты. Мысалы мен өзім кішкентай кезімде ұрыншақ болыппын, болмаса бірдеңеге ұрынып келемін. Тұсауымды дұрыс кеспеді ме, әлде есімімнің әсері ме, білмеймін. Әйтеуір кішкентай кезімде далаға ойнауға шықсам, басым жарылып келеді немесе аяғым жараланып келетін. Қысқа шорты кисем барлығы байқайды, аяқтарым тыртық-тыртық. Балалық шағым қандай болғанын сол жаралардан ақ белгілі.

Бұрын басыма да қатты соққы болды. Содан бір айдай ауруханада жатқан уақытта дәрігерлер анамды шошытып: «Отадан кейін балаңыздың ойлау жүйесі дұрыс болады ма, жоқ па, белгісіз» деп сол уақытта ескерту жасаған екен. Алайда қазір, шүкір, есім дұрыс, өз-өзіме есеп бере алатындай өсіп жетілдім.

Жалпы мектеп қабырғасында да көп төбелесетінмін. 9 сыныпта бастан бөлек, аяғымды жарақаттап, екі айдай ауруханада жатқан кезім болды. Тіпті соңғы кездерге дейін жарақат алмаған кезім болған емес. Футбол ойнасам да, солай жарақаттанып келемін. Шамамен бір-екі жыл болды-ау деймін ондай ештеңеге ұрынбай аман-есен жүргеніме (күліп). Оған дейін үнемі бір нәрсеге ұшыраймын да жүремін.

—  Ал ең алғаш жеткен жетістігіңіз есіңізде ме?

—  Айтарлықтай жетістікке жеттім деп айта алмаймын, өнерде де мойындатып үлгердім деп ойламаймын, өйткені тұнып тұрған талант да, дарын да жоқ.

—  Мен олай төмендетпес ем…

—  Жоқ, төмендеткенім емес, расымен айтып тұрмын. Әр адам өзінің шамасын білуі керек қой. Сондықтан мен оны жасырған емеспін. Бастысы өзіме ұнайтын кәсіппен айналысып жүрмін. Бір жетістігім болса, жоғары оқу орнына грантқа түскенім шығар. Ал басқаны білмеймін. Бәлкім басқа жетістігімді анам айту керек шығар.

—  Ең алғаш сән әлемінен көріне бастадыңыз, ал ән, киноға бет бұрған уақытыңызда анаңыз оған қалай қарады?

—  Ол кісі мені ешқашан бетімнен қақпайтұғын. Бір нәрсені айтқым келеді, ер адамның рөлі отбасыда өте маңызды, мен ол жауапкершілікті сездім. Кішкентай кезімде әкем мен анам ажырасып кеткеннен кейін, анамның қолында өстім. Үйде анам екеуіміз ғана болдық. Ол кісі күні-түні жұмыс жасайтын. Сонда да анам  “Нені қалайсың, сонымен айналыс” деп, рұқсатын берген. Спорттың түр-түріне қатыстым – бокс, футбол, жүзу, күрес, барлығына қатысып шықтым. Бірақ ешқайсынан да бір деңгейге жетпедім. Бұның себебі  маған әкемның қасымда болмағаны сияқты. Қиын сәтте балаға әкенің көмегі қажет екен. «Балам, сен осы жерде кішкене еңбектеніп, бір тырыссаң, жақсы дәрежеге жетесің” деген қолдау жетіспеді. Десе де анам мені барлық жерде қолдап жүрді.

Барлығы сән әлемінен басталды. Ол жерге мен аяқ астынан барғанмын. Оған бойымның ұзын болғандығы соның себеп сияқты. Жалпы мен негізі өте тұйық, ұяң жігіт болатынмын. Тілек айтқан кезде де ұялып, керек сөздерді айта алмай қалатын кездерім болған. Сән әлеміне келгеннен кейін ашылып, жан-жағыма қарап, бойы ұзын, қазақтың нағыз батыр тұлғалы жігіттерін көрген кезде, шыны керек, мен оларға қарап үлгі алдым. Не деген қазақтың жігіттері, мен де осылардай бола аламын ғой дегендей. Содан кейін мен спортқа барып ашыла бастадым.

Негізі мен бірінші актер емес, бағдарлама жүргізуден бастадым. “Ел арна” телеарнасында “Ән арна” атты бағдарлама болды. Кейін Баян Есентаеваның продюсерлігімен түсірілген “Махаббатым жүрегімде” телехикаясында басты рөлді сомдадым. Содан кейін барып, әншілік жолға түстім.

Жалпы кішкентай кезімде ән айтқанды жақсы көретінмін. Бірақ бозбала шағымда дауысым сынып, ән айтпай қалғанмын. Бір күні Жанна Әбуова ханыммен кездесіп, сол кезде өз ұсынысын білдірді. Басында мен қарсы болдым. “Қалай, мен ән айтпай жүріп, аяқ астынан әнші боп кетемін” десем де, ол кісінің “Уайымдама, өзім дайындаймын, қол ұшын беремін, көмектесемін” дегенінен кейін келістім. Қазір осындай деңгейде, осындай бағытта жүріп жатырмыз.

—  Тәуекел,  осындай бүкпесіз әңгімеңізге көп рахмет. Біздің оқырмандарға өзіңіздің  лебіңізді білдірсеңіз?

—  Барша «Жұлдыздар әлемі» оқырмандарына, барша Қазақстандықтарға тек қана жақсылықтар тілеймін. Келе жатқан мейрамдар құтты болсын! Әр отбасының дастархандарына шаттық, береке тілеймін. Армандар орындала берсін.

Біздің отандық жұлдыздарды, әншілерді қолдап, тыңдап жүріңіздер деген тілегім бар!

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

6 пікір

  1. Сұхбат өте ұнады. Тек, қатесіз жазсаңыздар екен деймін. Қазақ журналистерінің өзі осылай қате жіберетін болса, басқаларға айтатын сөз қалмайтын сияқты. Дүйім жұртқа жарияланатын материал болған соң ұқыпты болған дұрыс.

    1. Көп рахмет, Лаура! Кеткен қателерді жөндеуге тырысамыз. Жанашырлық танытқаныңызға ризашылығымызды білдіреміз

  2. Сұхбат үшін рахмет .Өте қатты ұнады . Барлығын ашып айтқаныңыз үшін рахмет Тəуекел Мүсілім.

  3. Өзім ұнататын актер баламның сұхбаты ұнады,үлкен рахмет.Сахнада да,жеке өмірінде де тек қана сәттілік тілеймін!Бұрын бұл журналды оқымаппын.Тәуекел жайлы біраз мағлұмат алдым.Бұл бала қарапайымдылығымен өзіне тартады,сөйлеген сөзі,өзін ұстау мәнері ұнайды.Көкшетау жерінде күтеміз!

  4. Тауекел балам онерин орге жузсин коп аншинин бири болганша нагыз казак азаматтарын сомдайтын актер болганын жаксырак болар еди ел издеп сагынып суйсине карайтын, казир не кай каналды ашсан артистер тамак жасап,артистер билеп ,жарысып жатканы барлык жобада аншилер жарыска тусетин уже жалыгып кеттик

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close