Басты жаңалықтарЖаңалықтарСұхбаттарШоумен & Тұлға

Темір Дулат: Ұлттық өнер өгей баланың күйін кешпеуi керек

01

Темір ДУЛАТ, күйші, домбырашы:

Саусағынан сиқырлы саз саулат­қан­да тыңдаушысының тұла бойын тітіркендіріп, делебесін қоздырып жіберетін жас жігіттің дәулескер күйші Жанғали Жүзбаевтың жиені екенін білген жоқпыз. Талантына тәнті болып, сыртынан сүйсініп жүр­сек те, «бұл кім екен?» деген сұраққа жауап алғымыз келетін. Барлығын ойда жоқ жердегі кездесу шешті.

Тегімнің трайбализмге еш қатысы жоқ
– Азан шақырып қойған атым – Тимур, тегім – Жұбақов. Қазір Темір Дулатпын. Аты-жөнімді өзгерту туралы ұсынысты продюсерім жасады.
Кеңес кезіндегі идеологияның ықпа­лы­мен туу туралы куәлігіме Тимур деп жа­зылсам да, әжелерім мен ағайындарым мені әу бастан Темір деп атайтын. Сон­дық­­тан атымды ауыстырғанда қиналған жоқпын. Ал тегімді өзгертерде көп ойлан­дым. Ата-анам қалай қабылдайды екен? деген сұрақ қатты мазалады. Ойымды ше­шем арқылы әкеме жеткіздім. Әкем ке­лі­сімін бергеннен кейін жеті атамның іші­­нен жұрттың жадында тез жатталады, ай­ты­луы, естілуі оңай болады деп Дулат бабамның есімін тегім ретінде таңдап ал­дық.
Сахнаға Темір Дулат болып шыға бас­таған кезде баз біреулер ел арасына «өзі­-нің жүзін, руын әспеттеп жатыр» деген ма­ғынада жағымсыз әңгіме таратты. Шы­нымды айтайын, дәл осылай жасау өңім түгілі, түсіме кірген емес. Үш жүздің басы бір тудың астына бірігіп отырған бейбіт заманда рулық, тайпалық деңгейден аса ал­май қалсам азаматтығыма сын емес пе?! Біле білген адамға қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады. Халқымызда «атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген жақсы сөз бар. Жүз бен рудың намысын жырту азаматқа абырой әпермейді. Мен бір рудың емес, қазақ деген ұлттың бала­сымын. Ал Темір Дулат – сахналық есімім. Тегімнің трайбализмге еш қатысы жоқ.
Елімізде үлкен сахнаға аты-жөнін өз­гертіп шыққан жандар маған дейін де бол­ған, менен кейін де болады. Сондықтан түй­медейді түйедей етіп көрсеткен дұрыс емес деп ойлаймын.

04

Жинағым жұртқа жетпей жатыр
– Менің орындауымдағы өзге автор­лардың күйлері мен шетелдік, отандық сазгерлердің композицияларынан және өзімнің төл туындыларымнан құралған күй жинағым дайын тұрса да, жұртқа жет­пей жатыр. Себебі аудиодыбыс жазу ком­паниялары жинағымды жазуға және тара­туға ниетті емес. Ондағы мамандардың сөзінше, қазір бөлшек саудада аудио­дискі­лер өтпейді. Адамдардың барлығы ұялы телефондарына өздері ұнатқан ән­дер мен күйлерді ғаламтордан жүктеп алады.
Жинағыма Рүстем Күлшібаевтың «Есіл күн» атты күйін, Нұрғаным Жек­сенбаеваның «Жүрек сыры», Жәнібек Боранбаевтың «Элегия» композиция­ла­рын, Испанияның атақты гитарашысы Ар­миктің «Малага» деген туындысын және басқа да шығармаларды енгіздім. Ал классик күйшілеріміздің туындыларына тиіскен жоқпын. Олардың күйін эстрадаға салып, шат-шәлекейін шығаруға арым жібермеді.
Мұхтар Әуезовтың «қазақтың қадірі мен ұяты күй де ғана қалды деген сөзі бар. Байқасаңыздар, әнде, жырда, дастанда деп тұрған жоқ, күйді атап, күйді көрсетіп тұр. Осы сөзді менің кейбір замандастарым назарларынан тыс қалдырады. Сөйтеді де күйді эстрадаға салып, құрылымын бұ­за­ды. Сәйкесінше, елге шалажансар дүние тарайды. Бұл – күйге және оны бізден кейін тыңдайтын ұрпаққа жасалып жат­-қан қиянат.
Секен Тұрысбеков «Құрманғазы мен Тәттімбет тіріліп келсе көптеген күйші­лердің төбесін ояды» дейді. Осы сөзден кейін біз өз төбемізді өзіміз оюдан сақта­нуымыз керек шығар деп ойлаймын.
Меніңше, күй эстрадаға айна-қатесіз, бұрмаланбай салынуы тиіс. Бұлай бол­майтын болса, даңқты күйшілердің күй­леріне тиіспеу керек. Мұның орнына эстра­далық бағытта тың туындылар ту­­ғыз­ған әлдеқайда тиімді әрі пайдалы.

Қаратау күйшілік мектебінің өкілімін
– Біз Генерал Асқаров, Төлеген Мом­беков сынды дәулескер күйшілерді көріп, соларға еліктеп өстік. Нағашыларым Әл­мұхан, Сәрсенғали, Жанғали Жүзбаевтар да білгендерін үйретуден жалыққан жоқ. Өз кезегімде мен Мұхтар Әуезовтың «Шаян­ға барсаң – әншімін деме, Созаққа барсаң – күйшімін деме» деген сөзін те­мірқазық тұтып, сәт сайын шеберлігімді шыңдап отыруға тырыстым. Уақыт өте ке­ле түрлі жарыстарға қатыса бастадым. Әр жылдары Алматы, Орал қалаларында өткен күй сайыстарында лауреаттар мен дипломанттар қатарынан көрінсем, Шым­кентте өткен Сүгір Әлиұлы атындағы рес­пуб­ликалық байқауда бас жүлдені жеңіп алдым. Астанада өткен «күй құдіреті» атты фестивальде «алтын домбыраға» лайық деп танылдым. 2010 жылы Санкт-Пе­тер­бург қаласында өткен халықаралық бай­қауда Қазақстанның намысын қорғап, бі­рінші орынға ие болдым. 2014 жылы Ар­-
ме­ния халқын қазақтың күйіне тәнті ет­сем, биыл сәуір айында Түркияның Ыс­тамбұл қаласында өткен қазақтардың құ­рылтайында өнер көрсеттім. Құрылтайдан кейін сол жақтағы қандастарымыздың қол­қалауымен Ыстамбұлдағы қазақтар­дың тойында күй тарттым.
Қазақ ұлттық өнер университетінде еліміздің еңбек сіңірген артисі, профессор, күйші Тұрар Әліпбаевтың сыныбында білім алдым. Кәсіби күйші болғандықтан бізге шертпе күй мен төкпе күй қатар үй­ре­тілді. Десек те, жаныма шертпе күй жа­қын. Себебі мен домбырашылық пен қо­бызшылық қатар қанат жайған Қаратау күйшілік мектебінің өкілімін.
Күйдің бекзаттығын, саздың сиқыр­лы­ғы мен шалқарлығын осы мектептен меңгердім.

07

«Келіншектау» һәм «86-16»
– Бүгінге дейін 2 күй шығарып, бей­небаян түсіріп, оны халыққа таратып үл­гер­дім. Таяуда үшінші күйімнің тұсауы ке­сіледі.
Бірден айтайын, айына бір, жылына 12 күй шығарамын деп жалған сөйлей ал­маймын. Себебі тыңқылдаған дүниенің барлығы күй емес. Бір күйдің бойында қуаныш пен қайғы, сүйініш пен күйініш қатар жатады. Оны тыңдаушыға жеткізу үшін барлығын жан-тәніңмен сезінуің керек.
Алғашқы күйім кіндік қаным тамған топырағыма деген сағынышымнан туды.
8 жылдан астам уақыт елге бара алмай, кө­ңілім құлазып жүрген кезде әлдебір әуен жанымды жегідей жеді.Оны домбыраға салып едім, өз-өзінен күй болып төгіле жө­нелді.
Тырнақалды туындыма ат қоярда көп ойландым. Ақыры оны «Келіншектау» деп атадым. Өйткені қарт Қаратаудың теріскей жағында тізбектеле орналасқан тау сілем­дерін Созақ елі «Келіншектау» деп атайды.
Мен сол тауға, таудың етегіндегі елге күй арқылы құрметімді көрсетіп, сағы­ны­шымды жеткіздім.
Екінші күйімнің тарихы терең әрі ауыр. Шымкент қаласының Алпамыс батыр атындағы №40 мектебінде оқып жүр­ген кезімде физика пәнінің мұғалімі, Гүлмира есімді ұстазымыз оқушыларға 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында қа­зақтың қыздары мен жігіттерінің көрген қорлығын жылап отырып айтып берді. Сол әңгіме менің жүрегіме жазылып қал­ды. Кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық саз колледжіне оқуға түскен кезімде Марат Анашев есімді ұстазым да желтоқсан оқи­ғасы жайлы көп әңгімеледі. Бұл кісі де Гүл­мира апайым секілді алаңда болған екен. Оқиға орнындағы суреті жан­дай­шаптардың қолына түсіп, біраз әуре­сар­саңға да салыныпты. Абырой болғанда Марат деген аты Мұрат болып көрсетіліп, құжатындағы есімімен сәйкес келмеген­діктен жөніне жіберіліпті. Бұл әңгіме де менің санама тоқылып қалды. Кейін «Ақ жауын» мемлекеттік камералық ор­кестрі­нің жетекшісі Секен Тұрысбеков аға­мыз­дың қарамағына жұмысқа орналасқан кезде де желтоқсан жайлы естеліктер тың­дадым. Осы оқиғаға қатысқан Секен аға­мыз да талай жайтты бүкпесіз баяндады.
Оқушы кезімнен санамда пісіп, жетіліп жүрген оқиға 2011 жылғы 16 желтоқсан­дағы Жаңаөзен оқиғасынан кейін көкі­ре­гімнен күй болып төгілді. Күйді «жел­тоқ­сан» немесе «желтоқсан боздақтары» деп атамақшы болдым. Сөйтіп, Секен ағамен ақылдастым. Ол кісі 2 оқиғаны байланыс­тырып тұрғанымды, Динаның «8 марты» мен Мәменнің «17-жыл» атты күйлерінен басқа қазақта атауы санмен қойылған күй­дің болмағанын, Бахтың 40-симфониясы, Бетховеннің 17-симфониясы атты шығар­малары бар екенін алға тарта келіп: «күй­дің атын «86 – 16» деп қой деді. Осылайша, күйдің аты санмен қойылды.
«86 – 16» – елді көтеріліске шақыратын, бүлікке бастайтын күй емес, керісінше, халықты біріктіруді, ұйыстыруды көз­дейтін күй. Бұл менің тәуелсіздік үшін кү­рескен жастардың рухына қойған ес­керт­кішім.
Таяуда таныстырылымы болатын үшінші күйімді әйгілі Мәшһүр Жүсіп сөз ететін, Абылай заманындағы ең атақты батырлардың бірі Бердіқожа Шаныш­қылыға арнадым.
Қаһарлы қолбасшы, жекпе-жекте жау түсірген жаужүрек батыр Бердіқожа әйгілі Қабанбай батырмен қанаттаса жүріп, Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті және Сарысу бойындағы Итішпес, Алакөл ма­ңындағы Аңырақай шайқасында, Іле ба­сындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шорға шайқас­тарында жасақ басқарған.
Жоңғарларға тойтарыс берілгеннен кейін Бердіқожа ел билеген. Оның есімі Қытай және Ресей жылнамаларында ерек­ше құрметпен аталады. Бердіқожа батыр қазақ пен қырғыз арасындағы қатынас­тарды реттеуге белсене араласқан. Бүгінгі қазақ-қырғыз шекарасының сол кездері қалыптасуына Бердіқожа батыр үлкен үлес қосқан. Дегенмен, қойы қоралас, елі ара­лас, бауырлас халықтың дау қуып, жау бо­луы салдарынан даңқты батыр қартай­-са да қайратын көрсетіп, ат үстінде ерлік­пен қаза болған.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Шанышқылы Бердіқожа батырдың мұ­расы қайта тірілді. Көрнекті жазушы Мұх­тар Мағауиннің арнайы зерттеу мақаласы жарық көрді. Бердіқожа батыр есімі Қаб­деш Жұмаділов, Ақселеу Сейдімбек сияқ­ты қарымды қаламгерлердің шығармала­рында атала бастады. Қазір профессор, академик Бақтыбай Қасымбековтың ұйыт­қы болуымен батыр мұрасын жан­дандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

10

«Рэкетирге» қуаныштан, «Титаникке» қайғыдан жаздым
– Отандық киноиндустрияда пайда болған «Рэкетир» фильмін бір деммен кө­ріп шықтым. Киноның өзі де, музыкасы да қатты ұнады. Біздің азаматтардың осындай сапалы дүние түсіргендігі үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Шығармашылық топты қолдау мақсатында фильмнің трей­лері пайда болған кезде оның саундтрегіне кавер жазып, ғаламтор арқылы тараттым. Оны мыңдаған адам көріп, өзара ой бөлісіп жатты. Тіпті «Астана» телеарнасы бұл туралы шағын сюжет жасады.
«Титаник», «Аватар» сынды фильм­дердің музыкасын жазған кинокомпози­тор Джеймс Хорнер әуе апатынан қайтыс болғанда қабырғам қайысқандай болды. Мен оның өнерін қатты бағалайтынмын. Домбырамен орындалған кавер арқылы Джеймс Хорнердің рухына тағзым жаса­ғым келді. Бір сөзбен айтқанда, «Рэке­тир­ге» саундтрегті қуаныштан, «Титаникке» қайғыдан жаздым.

Тобымыз тарап кетті
– 2007 жылы маған домбырашылар­дан құралған трио құру туралы ой келді. Осы арқылы домбыраның қасына скрипканы, баянды, саксафонды қосып өнер көрсетіп жүргендерге домбырамен-ақ кез келген туын­дыны орындауға болатынын дәлел­деуге ұмтылдым. Нәтижесінде Алтай Қып­шақбаев, Нүркен Якияев есімді талантты азаматтармен бірігіп, «Мырза» деген топ құр­дық. Ісіміз бірден алға басты. «Мәң­гілік» деген авторлық туындымызға бей­небаян түсірдік. Тойларға жиі шақы­ры­латын болдық. Бір сөзбен айтқанда, біз қа­зақтың қара домбырасының мүмкіндігі мен бәсекеге қабілетті екенін басқаларға көрсете білдік.
Уақыт өте келе санамызды тұрмыс би­лей бастады. Соның салдарынан тобымыз тарап кетті. Топ құрамындағы жігіттердің бірі бизнеске бет бұрса, екіншісі отбасы­ның қамымен кетті. Мен жалғыз қалдым. Басқа жігіттерді тартып, топты қайта құру­ға әрекеттенбедім. Себебі топ құрамындағы жігіттерді басқа адамдар алмастыра ал­майтынын, алмастырғанның өзінде де бұ­рынғыдай болмайтынын білдім.

«Ақ жауынның» жайы  жаныма батады
– Қазақтың дәулескер күйшісі Секен Тұрысбеков негізін қалаған «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің мү­шелері Астанада кеңседен кеңсеге көшіп жүр. Астана қалалық филармониясының да жағдайы мәз емес. Ұлттық өнер өгей баланың күйін кешпеу керек. Шынымды айтсам, «Ақ жауынның» жайы жаныма қатты батады.
Билік басындағы азаматтар қос ұжымға бір шаңырақ берсе де қуанар едік. Оларға алғыстан басқа айтарымыз болмас еді. Әт­тең, осы күнге жете алмай жүрміз.

Дереккөз:aikyn.kz
Жазып алған
Қанат МАХАМБЕТ

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close