Басты жаңалықтарЖаңалықтарСұхбаттарӘнші

«Лашын» тобы: Біз де Қазақстан эстрадасындағы жақсы топтардың бірі боламыз

«Lashyn» тобы «Жұлдыздар Отбасы» журналының «Тікелей байланыс» айдарында көрермендердің сұрақтарына жауап берген болатын.

Лашын

– «Лашын» тобы, сіздердің дауыстарыңызды естіп тұрғаныма қуаныштымын. Сіздер кішкентай кезден әнге құмар болып өстіңіздер ме?
Динара, Ақтөбе
Элизат БЕРІКҚЫЗЫ: Төрт жасымнан бастап ән айта бастадым. Шашты бұйралайтын плойканы микрофон жасап, айнаның алдында ән шырқағанды жақсы көретінмін. Міне, содан бері өнер саласында жүрмін. А.Жұбанов атындағы музыкалық мектепте білім алдым. Ал қазір П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студентімін.
Сара АМАНГЕЛДІ: Элизат екеуміз П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжде оқып жүргенде әнші болуды армандайтынбыз. Мен алты жасымнан сахнада жүргізуші болдым. Ән де айтатынмын. Бүгінде сол бала арманыма қол жеткіздім. Енді ары қарай үлкен сахналардан көріну үшін көп еңбектенуім керек.
– Элизат, сіз бұрын басқа топ құрамында болған екенсіз. Ол қандай топ? Неліктен кетіп қалдыңыз?
– Иә, Ақмарал Халиоллақызының «BriLux» деген үш қыздан құралған тобында болдым. Бірақ ол топ қазір жоқ, тарап кеттік. Себебі келісім-шарт бір жарым жылға ғана жасалған еді.
– Қай өлкеде туып-өстіңіз? Ата-анаңыз немен айналысады? Әлі де студентсіз бе?
– Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келгенмін. Анам үйде бала тәрбиесімен айналысады. Ал әкем – полиция қызметкері. Өзім П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледждің 3-курс студентімін. Құдай амандығын берсе, келесі жылы бітіремін.
– Сара, сіз қай жердің тумасысыз, қайда білім алдыңыз? Жұмыс пен сабақты қатар алып жүру қиын емес пе?
Мәдина, Семей
– Мен Алматыда туып-өстім. Ата-анам – Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласынан. Кішкентай кезімде туысқандарыма жиі барып тұратынмын. Қазір жұмыс бабымен ғана болмаса, көп бармаймын. Жұмыстан қол тие бермейді.
Мен П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжде екі жыл оқып, кейін Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне ауысып кеттім. Оқуды биыл бітірдім. Қазір өнердің қай саласына тапсырсам деп ойланып жүрмін. Топта ән айтып жүрген соң сабаққа күнде бару қиын болатын шығар. Бірақ уақытты тиімді пайдалансаң, бәріне үлгеруге болады деп ойлаймын.
– Ата-анаң қандай қызметте істейді?
– Әкем – заңгер, ал анам – «Shine» продакшн орталығында атқарушы продюсер. Он жыл болды.
– «Лашын» тобына келуіңізге анаңыздың ықпалы болды ма?
– Мені кастингке анам шақырмады. Бұған ол кісінің мүлдем қатысы жоқ. Егер анам арқылы келсем, баяғыда-ақ әнші болып кетер едім. Анам менің жұмысыма араласпайды. Әрине, кейде ақыл-кеңесін айтады. Анам «Shine» продакшн орталығында жұмыс істемесе де, мен кастингке баратын едім. Бірақ неге екенін білмеймін, кішкентай кезімнен кастингті ұнатпайтынмын. Мүмкін, ол кезде әлі бала болғандықтан ба, өз-өзіме сенімді болмаған шығармын. Кастингтің барлығына бара бермейсің, жаныңа жақынын таңдайсың. Әйтпесе қаншама топқа кастинг жарияланып жатыр. Мен бұрыннан Баян Мақсатқызының тобына баруды армандайтынмын. «Kеш YOU» тобына еліктеп өстім. Сол қыздар секілді болғым келетін. «Лашын» тобына қабылданғанымда қатты қуандым. Болашақта біз де Қазақстан эстрадасындағы жақсы топтардың бірі боламыз.
Элизат: «Лашын» тобы құрылайын деп жатыр» дегенді естігенде кастингке Сара, Ақбота – үшеуміз бірге келдік.

«ЛАШЫН» ТОБЫНДА ӘН АЙТҚАННАН БЕРІ ХАБАРЛАСУШЫЛАР КӨБЕЙІП КЕТТІ

– Бота Айтқұловаға қоятын сұрағым бар еді. «Тікелей байланысқа» неге келмеді?
Халида, Атырау
Сара: Ақбота біраз сырқаттанып қалды. Қазір Ақтөбеде ауруханада ем алып жатыр. Бірақ алаңдамаңыздар, арамызға жуық арада оралады.
– Сіздер келісім-шартқа неше жылға отырдыңыздар? Ол жерде қандай шарттар қойылған?
– Бес жылға жасалды. Келісім-шартта қойылған талаптың барлығы жұмысқа қатысты. Оның ішінде біріншісі – тек келбетімізге байланысты. Яғни белгілі бір мөлшерде салмағымызды сақтау, дене бітіміміз бен әдемілігімізге жауап беру. Екіншісі – дауысқа байланысты. Тамақты суықтан сақтау керек және даусымыз үнемі бірқалыпта болуы тиіс. Үшіншісі – биге және жаттығуларға бару, кездесулер мен сұхбаттарға кешікпеу. Сонымен қатар сахналық киімдерді қажетті деңгейінде таза, ұқыпты ұстау. Жеке өмірге байланыс­ты да талап қойылған: бес жыл ішінде тұрмысқа шықпау, темекі шекпеу, спирттік ішімдіктер ішпеу, түнгі клубтарда қыдырмау, беймезгіл уақытта жүрмеу.
– Сіздерге күні-түні қоңырау шалып маза бермейтіндер көп пе?
Сара: Иә, әсіресе инстаграм парақшасында неше түрлі пікір жазылады. Кейбіреуі артық сөйлеп жүйкеге тиеді. Сол үшін телефонымыздың нөмірін айына бір рет ауыстырып тұрамыз.
Элизат: Телефон нөмірімізді қайдан тауып алатынын білмеймін. Жақында ғана басқа нөмір алып едім, жанкүйерлеріміз мұны да біліп алыпты.
Сара: Бір қызығы, қазір достарымыз көбейіп кетті. Араласпай кеткен сыныптастар да хабарласа бастады. Хабарласқандары жақсы, әрине. Бірақ бір жағынан ыңғайсыз екен. Өйткені әнші болмай тұрғанда бізді ешкім бұлай іздемейтін еді. «Лашын» тобында ән айтқаннан бері жан-жақтан хабарласушылар көбейіп кетті.

БАЯН МАҚСАТҚЫЗЫ ТОПТЫҢ АТАУЫН «КЕШ YOU»-ГЕ ҰҚСАТЫП ҚОЙҒЫСЫ КЕЛГЕН
– Сіздерге биді кім үйретеді? Жеке хореографтарыңыз бар ма? Араларыңызда Бота неге аз ән айтады?
Аружан, Аққыстау ауылы, Исатай ауданы, Атырау облысы
Сара: Иә, бізбен арнайы хореограф жұмыс істейді. Ал музыкалық продюсеріміз – Бағым Мақсатқызы. Қай жерінде жіңішке не жуан дауыс болу керектігін сол кісі қадағалайды. Негізі, біз әнді үш дауыста орындаймыз.
– Баян Мақсатқызы сіздерге жиі ұрыса ма? Ақтау қаласына гастрольдік сапармен жуық арада келесіздер ме?
Диляра, Ақтау
Сара: Жоқ, Баян ханымды өте қатал дей алмаймын. Әрине, егер жұмысқа байланысты қателік жіберсек, кішкене ұрсады. Ал шынайы өмірде ашық-жарқын адам. Сенесіз бе, Ақтау қаласынан көп тыңдарман телефон соғуда. Соған қарағанда біздің жанкүйерлеріміз сол жақта көп сияқты. Егер болашақта гастрольдік сапарға шығып жатсақ, онда міндетті түрде Ақтауға бірінші болып барамыз.
– Топтың атын неліктен «Лашын» қойған?
Әдемі, Іле ауданы, Алматы облысы
Элизат: Баян Мақсатқызы топтың атауын «Кеш YOU»-ге ұқсатып қойғысы келген екен. Бірақ жаңғақтардың арасынан құлаққа әдемі естілетін атауды таппаған. Сосын гүлдерді қарайды. Бірақ ол жерде де көңілінен шығатын атау болмапты. Ең соңында аң-құстардың атын көреді. Жыртқыш құстардың ішінде лашын деген атауды қатты ұнатқан. Қазақ бүркіт, қыран, сұңқар құстарын ер-азаматтарға теліп айтса, қыздарға теңейтін екі-ақ құс бар: қаршыға мен лашын. Баян Мақсатқызы екеуінің арасынан лашынды таңдаған.
– Сұлулықты қалай сақтайсыздар? Сұлулық салонына жиі барып тұрасыздар ма?
Айжан, Талғар қаласы, Алматы облысы
Сара: Ұйықтар алдында бетіме балаларға арналған кремді жағамын. Себебі менің бет теріме сол ғана жағады. Ал дене сымбатымды сақтау үшін күнде беліммен обруч айналдырамын.
– Сіздерге қандай тағамдарды ғана жеуге рұқсат?
– Бізге ешкім «нақты мына тағамды ғана жеу керек» деп айтпайды. Адам денсаулығына қай тағамдар пайдалы және пайдасыз екенін өзіміз де білеміз. Мүмкіндігінше көкөніс, жеміс-жидек, йогурт, сүт, айран, майсыз ет, қуырылмаған, ащы емес тағамдарды тұтынамыз.
– Фитнес залы, би, салон дегендердің шығынын продюсер өзі төлей ме?
– Продюсеріміз жалақы және біздің тұрып жатқан пәтеріміздің ақысын төлейді. Содан кейін сахналық киімді тігетін дизайнер, вокалдан сабақ беретін мұғалімнің, хореографтың жалақысы бар. Ал фитнес, сұлулық салонына біз өз қалтамыздан ақша шығарып барамыз.
– Сіздерді «Кеш YOU»-мен салыстырып жатады. Бұған қалай қарайсыздар?
Элизат: Бәрімізге бір адам басшы болғаннан кейін солай көрінетін шығар. Бірақ «Кеш YOU» мен «Лашын» бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Біріншіден, біздің даусымыз әртүрлі. Сараның дау­сы өте төмен болса, менікі жоғары, ал Ақботанікі орташа, нәзік. Екіншіден, музыкалық продюсеріміз Бағым Мақсат­қызы екі топқа бір-бірінен ерек­ше­леніп тұратын әндерді таңдауға тырысады. Киім үлгісіне келер болсақ, Баян Мақсатқызы бізге әлі күнге дейін ұқсас киімдер кигізген емес. Әсіресе біздің бейнебаяндарға киім таңдағанда этно-стильге қарай бет бұрады және тобымыз құстың аты болғандықтан, киімімізде лашынның символикасы жүреді. Ол – құстың қанаты, не болмаса соған ұқсайтын ою-өрнек болуы мүмкін.

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close