Басты жаңалықтарЖаңалықтарМузыкаШоу бизнесӘнші

Rin’Go тобының әншісі Әділжан Умаров «Түркия дауысы» жобасында

Rin'Go тобының белді мүшесі Әділжан Умаров «Түркия дауысы» жобасына жолдама алып, байқаудың екінші кезеңінен де сүрінбей өтті, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы

Соңғы кездері жеке шығармашылығына белсенді түрде бет бұрған Rin’Go -лық Әділжан, енді топтан бөлек халықаралық байқауда бақ сынап жүр. Умаров таяуда ғана «Түркия дауысы» жобасына жолдама алған.

«Мен дәл қазір Стамбул қаласына «O ses Turkiye» -нің  екінші кезеңіне келдім. Қандай ән айтамын, не болады деген сияқты ақпарат әлі жоқ. Бірақ нақты бір жаңалықтар болып жатса, мен сіздермен міндетті түрде бөлісемін», — деді Әділжан Умаров. 

Иә, Rin’Go тобының солисі дәл осы жазбадан соң араға санаулы уақыт салып, сүйінші жаңалығын әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Әнші аталған байқаудың екінші кезеңінен сүрінбей өткенін ресми түрде мәлімдеді.  

Бұл елде жыл сайын өтетін жобаға әділ бағасын беріп, қатысушыларға қазылық ететіндер тізімінде танымал түрік орындаушысы Мұрат Боз да бар. Әділжанның вокалдық қабілетіне тәнті болған ол, байқаудың «көрмей тыңдау» кезеңінде отандық орындаушыға оң қабақ танытқан еді.

«Бірінші кезеңде Әділжан ағылшынша ән айтты. Құдайға шүкір, әйтеуір екі әділқазы бұрылды. Біреуі — Түркия мемлекетінің танымал актері әрі әншісі Мұрат Боз. Ал екіншісі — танымал тұлға, біздің Нұрлан Қоянбаев секілді. Өзінің бағдарламасы бар, белгілі бір шоудың жүргізушісі. Сонымен екі тәлімгер бұрылып, Әділжанның таңдауы Мұрат Бозға түсті. Мүмкін әнші болғаннан кейін жанына жақын болған шығар», — деді Аян.

Аян — Rin’Go-дағы Әділжанның әріптесі. Аталмыш бойзбендте өнер көрсететін жігіттер бір-біріне тілекші. Умаров халықаралық конкурсқа қатысуды ойға алған сәтте, жүзеге асуына жәрдемдескен осы Бірбаев болатын. Тіпті жобаға өтініш қалдырған кезден бастап, Аян досының жанынан бір елі ажырамаған.

«Екеуміз бірге сауалнаманы толтырған болатынбыз. Өйткені түрік тілінде жазу керек болды. Менің ол тілді еркін меңгергенімді көбі білетін шығар. Сондықтан маған келіп бірге жіберсек деді. Әрине, келісімімді беріп, бәрін толтырып, әдемілеп тұрып жазып бағдарламаға жолдадық», — дейді Бірбаев.

Rin’Goлықтар тақымын қысып, Түркиядан жақсы хабар күтіп отыр. Әділжанға сәттілік серік болса, жігіттер топпен бірге шашбауын көтеруге әзір. Өйткені бұл жетістік ұжымның жұмысына да шығармашылық өрлеу әкелмек.

«Кім біледі енді, бағдарламада Әділжанның бағы жанып жатса, біз де артынан барып Түркия елінде ән шырқап, Ringo-ны танытатын шығармыз.  Өйткені аталмыш мемлекетте біздің тыңдармандарымыз, жанкүйерлеріміз бар», — деді Аян Бірбаев.

 «Түркия дауысы» байқауының келесі кезеңіне жолдама алған Әділжан, дәл қазіргі таңда қызу дайындық үстінде. Rin’Go тобының белді мүшесі, аталмыш байқауға қатысты тың ақпараттарды әлеуметтік желіде хабарлайтынын айтып, өзіне қолдау көрсеткен жандарға алғысын жеткізді.

«Мені қолдап жатқан азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын!» — деді Әділжан Умаров.

 

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close