Басты жаңалықтарЖаңалықтарСұхбаттарӘнші

Оралхан Алтынбеков, әнші: Білікті мамандардың жоқтығынан жанды дауыспен ән айтпаймыз

ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі камералық музыка ансамблінің жетекші солисі, блюз, джаз бағытындағы әнерді орындаушы Оралхан Алтынбековты әңгімеге тартқан едік.

 — Қазір өзіңіз білесіз, қолы бос адамның бәрі эстрада әншілерін сынап жатады. Сынайтындайы да бар, ешбірі жанды дауыспен ән айтпайды, сәл танылса жұлдыз ауруына шалдығып, тойдан қолы босамай кетеді. Сіз өнерге көшеден келген тұлға емессіз, осы саланың оқуын оқып, майын іштіңіз. Сіздің ойыңызша, Қазақстан эстрадасы жанды дауыспен қашан ән айтады?

— Жанды дауыспен ән айтатындар мүлдем жоқ деуге болмайды. Эстрадамызда талантты әншілер жеткілікті, бірақ, дарынсыздардың саны олардан бірнеше есеге көп. Жанды дауыспен ән айту үшін бізде кедергілер көп. Солардың ең бастысы – кәсіби дыбыс режиссерларының жоқтығы. Біздің әншілер де концерттерде жанды дауыспен ән айтқысы келеді. Алайда, олар әнді қаншалықты мықты орындаса да телевизиялық нұсқада сапасы өте нашар шығады. Сондықтан, қашан дыбыс режиссерлары көбейеді, сол кезде жанды дауыспен ән айтатын әншілер де көбейеді.

Жасыратыны жоқ, қазір Қазақстанда шын талант иелері бағаланбайды. Дауыстарын компьютер арқылы жасап алатын әншілердің шоқтығы басым, оларға сұраныс та жоғары. Шын әнші өз әнімен тыңдарманын қуанта да, жылата да білуі керек.

— Осы тақырыпты толықтыра кетейік, «Шаншар» театрының директоры Уәлибек ағамыз сұхбаттарының бірінде әншілердің бәрін қылмыскер деп айыптаған болатын. Яғни, ешбірі жанды дауыспен ән айтпайды, тыңдармандарын алдайды, сол арқылы ақша тауып жүр деді. Бұл пікірге қосыласыз ба, тыңдармандарын алдап ақша табу деген алаяқтық емес пе?

— Иә, мен Уәлибек ағамыздың айтқан пікіріне қосыламын. Неге десеңіздер, әр адам өзінің нанын адал еңбекпен табуы керек. Мәселен, мен сахнада 1991 жылдан бері жүрмін. Ал, әнші ретінде мансабымды 2003 жылы бастағам. Сол 2003 жылдан 2011 жылға дейінгі аралықта тек жанды дауыспен ән айттым, мейлі тойда болсын, мейлі концертте. Бірақ, кейін оның бәрі бос әуре екендігін түсіндім. Себебі, әр жердің аппаратурасы әртүрлі. Бір сымы тимей тұрса болды, дауыс өзгеше шығады. Кейде сондай аппараттың ақауынан жанды дауыспен айтқан нағыз әншінің еңбегі желге ұшады. Ал, өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әнші-сымақтар компьютермен дауысын өңдеп алып, түк болмағандай шырқай береді.

Кезінде жанды дауыспен ән айтып жатып, микрофоным өзге дыбыстар шығарып, біраз ұялған сәттерім болған. Тапсырыс беруші, яғни концерт ұйымдастырушысы болсын, той иесі болсын, өтіп жатқан шарада келушілердің көңіл-күйдің жақсы болса екен дейді, кештің жоғары деңгейде өткендігін қалайды. Оларға апппарат дұрыс емес деп түсіндіріп тұра алмайсың. Сол себепті мен кейбір әндеріме содан кейін плюс жазатын болдым. Мақсат біреу – той иесін ұятқа қалдырмау және өз деңгейімді түсірмеу.

— Салық комитеті әншілерге салық салу керек деген бастама көтеріп жатыр. Бұл бастаманы қолдайсыз ба? Жалпы, негізгі пайданы қайдан табасыз, тойдан ба, әлде жеке кәсібіңіз бар ма?

— Әрине, қолдамаймын. Әншілердің көбісінің негізгі жұмысы бар. Бірақ сол жерде төленетін жұмыс ақысы небәрі 50-80 мың теңге көлемінен аспайды. Бұндай ақшаға ән жаздыртып, тәуір оранжировка жасатып, сахна киімін сатып алу мүмкін емес. Сондықтан, әншілер амалсыз тойға баруға мәжбүр. Тойдан тек санаулы ғана әншілер байып жатқан шығар, қалғандарымыз өлместің күнін көріп жүрміз. Оны салыққа берсек өзімізге не пайда қалсын?!

Жалпы, той – тәңірдің қазынасы. Ол жеке адамның өзінің жекеменшік шағын қуанышы. Оған үкіметтің қатысы жоқ. Сондықтан, ол жерге салық комитетінің араласуы орынсыз.

Сахна әртіске бірнеше талап қояды. Мәселен, әртіс тартымды болуы керек, киімі дұрыс болғаны жөн, дауысы, әні жақсы шығуы керек. Ал, бұл талаптарға сай болу үшін әртіске қаражат керек. Жақсы көріну үшін жақсы ақша жұмсау керек.

Мен Президент оркестірінде шекті аспаптар ансамблінің солисімін. Мемлекеттік қызмет күзетіндегі оркестрде ойнаймын. Біздің жұмысымыз әскери бөлімде болғандықтан айлығымыз жаман емес. Отбасыма жетеді. Шүкір. Тойдан қыруар ақша табамын деп мақтана алмаймын. Бұйырғаны болады. Той иелерінің қуанышын бөлісіп, өнерімізді ортаға салып, олардың рахметін алып жүрген жайымыз бар.

Фото: Baq.kz

— Өзбекстанда «Узекнаво» деген ұйым бар, әншілерді қадағалайтын. Яғни, олардың қандай ән айтатынын, сахнаға немесе бейнеклипке қандай киіммен шығатынын қадағалайды. Мағынасыз әндерді шығармайды деп естиміз. Бізге де осындай ұйым керек деп ойламайсыз ба? Әйтпесе эстрадада әйелге ұқсайтын еркектер, мүлдем мән-мағынасы жоқ әндер көбейіп кетті. Идеологиямен жұмыс істеу керек қой…

— Иә, Узекнаво туралы естуім бар. Бізге де сондай ұйым қажет екені өтірік емес. Сапасыз әндер эстрадамызда көбейіп кетті. Оны мен айтпасам да халық жақсы біледі. Жүректен шыққан әндер жүрекке жетеді деген. Қазіргі әндер жүрекке жетпей жатады, себебі олар талғамды тыңдарманның санасын селт еткізбейтін, тапсырыспен жазыла салған дырду әндер болса керек. Байқасаңыз, біздің ретро әндер, неше түрлі шлягерлер уақыттың қандай сынына түссе де сыр бермей келеді ғой. Міне ән асылы деген сондай болуы керек.

Бізде мұндай ұйым ашылып жатса, мен өзім қуана қоштар едім. Бірақ, қадағалаушы ұйым ең алдымен иелеканалдар мен интернетке қажет. Мен үш бала тәрбиелеп отырған әкемін. Кейде балаларыммен бірге отырып, теледидар қарауға қорқамын. Өлім-жітім, жауыздық, эротика. Ал баланың ақпаратты қабылдау қабілетн өздеріңіз де жақсы білесіздер. Солардың бәрін қатаң қадағалайтын ұйым болса нұр үстіне нұр болар еді. Оған қоса, теледидарға шығатын әртістерді де қадағалап отырар еді.

— Сіз блюз, джаз бағытындағы әнерді орындайсыз. Қазақ эстрадасында мұндай әндерді орындайтын әншілер көп емес, саусақпен санарлық қана. Неліктен? Айтылуы қиын ба, әлде тыңдармандары аз ба?

— Менің репертуарымның басым бөлігін джаз, блюз, рок-н-ролл құрайды. Бұл бағытты таңдауымның себебі де бар. Джаз, блюз – адам жанын ләззатқа бөлейтін, рахатқа батыратын музыка әлемінің бір ерекше бөлігі. Тыңдармандарым аз деп айтудан аулақпын. Бұл жанрларды бар әлем тыңдайды. Сүйіп қабылдайды. Ал, өзіміздің қазақ тыңдармандарына келер болсақ.. сөздің шыны керек, біздің елімізде 100 пайыз әнсүйер қауымның тек 30 пайызы ғана бұл жанрдағы музыканы қабылдай алады. Бұған, менің ойымша экономикалық әл-ауқат та себеп болса керек. Күн демей, түн демей, ақша тауып, отбасын асырап жүрген жандардың бәрі тойға барады. Тойға барғандар көңіл көтергісі келеді. Көпшілігіне билейтін әндер керек. Сондықтан қазір бізде джаз, блюз айтатын әншілердің өзі тойдың мәнеріне қарай бет бұрып жатыр. Себеп біреу – ақша табу керек, олардың да бала-шағасы бар. Оларға да тыңдарман керек. Аудитория бар жерде тапсырыс көп болады. Сондықтан, біреуге кінә артудан аулақпын. Менің ойымша біздің қоғам әзірге бұл стильге онша дайын емес.

Фото: Baq.kz

— Шәкірттеріңіз бар ма?

— Жоқ. Шәкірт тәрбиелеп жатқаным жоқ. Ұстаз болу жүректің батырлығы демекші, мен әлі бұндай жауапкершілік алатын деңгейге жете қойған жоқпын.

— Әншілердің көбі діндар болып кетті ғой, сіздің дінге деген көзқарасыңыз қандай?

— Алланың бар екендігіне сенемін. Бірақ, діннің фанатымын деп айта алмаймын. Ешкімге зияным жоқ, мұсылманға тән амалдарды орындап жүрген, бір құдіреттің барына мойынсұнатын қарапайым адамның бірімін деп өзімді сипаттар едім.

— Уақыт тауып әңгімелескеніңізге рахмет!

Дереккөз: Baq.kz

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close