Кино & ТеатрСұхбаттар

Әділ Ахметов: «Бір-ақ көрерменім болса да, жеткілікті»

«Жұлдыздар әлемін» тағы да шарламақшы болдық. Бұл жолы жастар театрының белді әртісі, театр және кино актеры,  әрі тележүргізуші Әділ Ахметовпен жол түйісті. Жас болса да, талай бойжеткеннің арманына, талай жастың кумиріне айналған осынау актердің сөзі де, арман мен ойы да осал емес.

Сұхбатта өзінің кәсіби жолынан бастап, қазіргі қоғамдағы жағдайларға да пікірін білдіріп өтті. «Қазіргі жастар біріншіден, көзі ашық және өздерінің көздеген мақсаттары бар, өздеріне не керек екендігін біледі. Жәй, сабылып жүрген жастар жоқтың қасы» — дейді Әділ Ахметов.

— Театр-адамның рухани жан дүниесін ашатын кең сарай. Рухани байлыққа толы сарайда көптеген рөлдерді, образдарды алып шықтыңыз. Сол образдардың ішінде өзіңіздің жан дүниеңізге жақын деп қандай образды айтушы едіңіз?

— Актер адамы әр образды өзінің жан дүниесінен ойланып, толғанып өмірге алып келеді. Ана сәбиін дүниеге әкелген секілді. Мен үшін әрбір рөлімнің орны ерекше. Бірақ, ата-анаға ең кенже баласы жақын болады ғой. Сол секілді мағанда әрқашан ең соңғы алып шыққан образым жақын болып келеді. Ал, қазір соңғы шығарған образым «Сұлу мен суретшідегі» суретшінің образы.

-Әр адамның бойында өз фобиясы болады. Бірі құрт-құмырсқадан, енді бірі жыланнан қорқады. Өнер адамдарының ішінде, бірі өзі білмейтін, өзіне жат нәрселерден қорықса, бірі жанкүйерлерінің азайып қалуынан қорқады. Ал сіздер үшін, актер адамдары үшін ең басты фобия не?

— Ең басты фобия, адамның сезімдерін яғни мейірімділік, махаббат, жұмсақтық, сезімталдығын жоғалтып алса, онда актерлікпен қоштаса беруге болады. Менің ойымша, ең қорқынышты нәрсе сол. Сезімді жоғалтпау керек.

— Жетістікке жетудің екі жолы бар. Бірі, өз ақылыңды пайдалану. Екіншісі, өзгенің ақылынан пайдалану. Сіз үшін жетістік дегеніміз не?

— Әр адамның өз амбициасы болады. Біреулердікі өте жоғары болады. Бірден орындалмас нәрсені де армандауы мүмкін. Ал, біреулерде төменірек болады. Мысалы, мен үш кино, бес спектакльде ойнасам, маған осы өміріме жетеді деген секілді. Сол шыңға жетсе, соны жетістік деп есептейді. Бірақ, өнерде шың жоқ. Өнердің шыңына ешкім шығыпта көрмеген. Өйткені, ол-шексіз. Ізденсеңіз көп нәрсе таба бересіз. Әр жастың, әр уақыттың өзіне сай жетістіктері болады. Жетістікке қуана да білу керек. Алайда жетістікке жеттім деп тоқтап қалмау керек. Содан ары қарай жұмыс істеу керек. Өйткені, көрермен сізді бір рөлден көріп, келесіде тағы соны қайталасаңыз онда сізден көңілі қалып қалуы мүмкін. Сол үшін сіз ізденесіз. Әр қойылым, әр жаңа туынды сайын көрерменді таң қалдырудан жалықпауыңыз керек. Жетістік сол.

-Ең алғаш жетістікке жеткен кезіңіз есіңізде ме? Қандай сезімде болдыңыз?

— Студент кезімізде «Кек» деген фильмге түстік. Сол кезде ерекше қуанғанымыз есімде.

30601442f62eb3d9315e1b6fa0de32781

— Бір уақыттарда өзіңіз жанкүйер болған адам суретке түсу барысында бетіңізді қайтарып тастаған секілді. Осы жөнінде толығырақ айтып бере аласыз ба?

— Ол кісі спортшы болатын. Қазір ол кісі туралы қатты айтпай-ақ қояйын. Мүмкін, дәл сол кезде ол кісінің көңіл-күйі болмаған шығар. Мүмкін, басынан қандай да бір жағдай өткен шығар. Біз білмейміз ғой. Сонда мен көңілсіз сәтке түсіп қалған шығармын. Ол да маған өзіндік тәрбие берді. Кейін жылдар өткеннен соң бізге де адамдар келіп суретке түсе бастады ғой. Сол кездерде, маған сол жағдай түрткі болды да, мен ешкімге қарсылық білдірмеймін. Суретке түскісі келген халықпен суретке түсіп, лебізімізді жазып береміз қолдан келгенше. Кей кездерде асығыс боламыз. Сондай уақыттарда топпен түсетін жағдайлар болады. Қазір жастардың бәрі сэлфи жасағысы келеді ғой. Кейде мүмкіндік болмай жатады. Бірақ, көңілдерін қалдырмауға тырысамын.

— Қазіргі таңда, театрдың шын жанкүйер, фанаттары бар ма? 

— Иә, бар. Мен үшін менің өнеріме қызығатын, өнерімді сүйетін, жан-тәнімен жақсы көретін бір-ақ адам болса да, соның өзі жеткілікті. Сол адам үшін жаңа туындылар жасай беремін. Қазір Құдайға шүкір! Жастар театрының көрермендері баршылық. Ол тек Астана қаласында ғана емес, Алматы, Орал, Шымкент қалаларында, яғни еліміздің бірқатар өңірлерінен бар. Мысалы, Оралда Бағдагүл деген ханым біздің театрымызды насихаттап қана қоймай, театрымызға арнап кітап та шығарған. Астанада Жанар Төлеген деген қарындасымыз, Алматыда Гүлден деген қарындасымыз, Оралда Мағзұм деген ағамыз бар. Театрымызды жан-тәнімен жақсы көретін, шынайы жанкүйерлері деп айта аламын. Оданда басқа біз білмейтін жанкүйерлер бар. Қазір интернет желісі жақсы дамыған. Сол жерден өз пікірлерін білдіріп жатады. Соның өзі біздің жанымызға жылу береді.

-Жаңа интернет желісі деп айтып қалдыңыз. Интернетті тек жарнама үшін пайдаланамын депсіз…

— Тек қана жарнамалау үшін ғана емес. Ондай болса оқырманға қызық болмайды. Оларды жалықтырып аламыз. Интернеттің пайдалы жақтары да бар. Әрине, уақытты шығындап алатынымыз рас. Бірақ жақсы жағынан пайдалану керек. Мысалыға, бұрындары газет-журналдар аптасына 15 мың дана таратылады деп айтатын. Ал қазір қарап тұрсаңыз, инстаграм әлеуметтік желісінде 1 миллион оқырмандары бар адамдар бар. Демек олардың бір ғана шығарған дүниесін кем дегенде 600 мың адам оқиды. Қандай күш! Осы арқылы жастарымызға ой тастауға, жақсы жағынан тәрбиелеуге болатын құрал деп есептеймін. Сол жағынан пайдалану керек.

— Сізден ақыл-кеңес сұрап келетін жастар бар ма?

— Иә, ақыл-кеңес сұрап келіп жатады. Оларға келгендеріне алғыс білдіремін. «Келісіп пішкен тон келте болмайды»,-дейді ғой. Сол секілді сұраған, ақылдасқан дұрыс. Адам ата өз ұрпағына айтқан 6 өсиетінің бірі: «қандай да бір істі бастар алдында ақылдасыңдар!» деген. Сондықтан, ақылдасу біз үшін сүннет болып табылады. Мен енді өмірді көрген данышпан қария емеспін ғой. Алайда, жастар кеңес сұрап келгенде өзімнің көзқарасыммен дұрыс-ау деген ниетпен ақыл қосамын.

DSC_6302

— Актерсіз, тележүргізушісіз, түрлі іс-шараларға қатысасыз. Ал, сізді саясаттан көре аламыз ба?

— Дәл қазір көре алмайтын шығарсыздар.

-Дегенмен де, өнер әлемінде өзіңізбен қатар жұлдыздар, атап айтсақ Қайрат Нұртас, Жанар Дугалова, Генадий Головкин сынды тұлғалар депутаттыққа түсіп жатыр ғой. Осыған көзқарасыңыз қандай?

— Өте дұрыс. Әр адам өзінің көңіліндегі дүниені жасауы керек. Сіздің ақыл-ойыңыз жетілді ме, саясатқа араласуға дегендей, онда араласыңыз. Сіздің көңіліңіз қаламай ма, онда көңіліңіз қалаған дүниені жасаңыз. Менің пайымдауым осындай. Және оған еш қарсылығым жоқ. Өйткені депутаттардың арасында да өнер адамдары болуы керек. Олар сол жерде өнер саласында жүрген әріптестерінің мүддесін қорғайды деп сенемін.

— ХХІ ғасыр жастарына көңіліңіз толады ма?

— Иә, толады. Қазіргі жастар біріншіден, көзі ашық және өздерінің көздеген мақсаттары бар, өздеріне не керек екендігін біледі. Жәй, сабылып жүрген жастар жоқтың қасы.

— Сіздің ойыңыздағы «өмірді» үш сөзбен сипаттап бере аласыз ба?

— Қуаныш, қайғы, өкініш.

— Атыңызға затыңыз қаншалықты деңгейде сай деп ойлайсыз?

— Енді пенде болған соң, адамда әртүрлі қателіктер болады ғой. «Қанаты бүтін сұңқар, тұяғы бүтін тұлпар болмайды» деп жатады. Сол секілді бәріміздің кемшілігіміз бар. Десекте, жақсы болуға тырысуымыз керек. Жалпы, менің атымды Әділ деп атам қойған. Әділ деген Алланың 99 көркем есімі болса, соның отызыншы есімі екен. Менің туған күнімде отызы. Мен, кейін білдім бұл сәйкестікті. Ал атам бұл жайында білді ме, жоқ па, ол жағын білмеймін. Адамның аты бекер қойылмайды ғой. Ол адамның тағдырына әсер етеді. Қолдан келгенше атымызға лайық болуға тырысамыз.

-Мәнді де, мағыналы сұхбатыңыз үшін рахмет. Алдағы уақытта көрермендеріңізді жаңа образдарыңызбен қуанта беріңіз.

-Сізге де рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан: Ақмарал Жұмабек

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close