Басты жаңалықтарСұхбаттарШоумен & ТұлғаӘнші

Ғалымжан Молданазар: «Той бизнес? Өз құнымды өзім түсіргім келмейді»

Қазіргі күнгі қазақ эстрадасындағы өзінше бір әлем, құбылыс атанып жүрген әнші Ғалымжан Молданазар «Свобода Слова» газетіне сұхбат берді. Әнші өзінің шығармашылығындағы соңғы жаңалықтармен бөлісіп, алыстағы Америкаға сапары қалай өткенін, америкалық көрермен әншіні қалай қабылдағанын айтып берді.

MG_2535

Қазіргі күнгі қазақ эстрадасындағы өзінше бір әлем, құбылыс атанып жүрген әнші Ғалымжан Молданазар «Свобода Слова» газетіне сұхбат берді. Әнші өзінің шығармашылығындағы соңғы жаңалықтармен бөлісіп, алыстағы Америкаға сапары қалай өткенін, америкалық көрермен әншіні қалай қабылдағанын айтып берді.

Ғалымжан ең алдымен өзіңнің туған жерің, туып-өскен ортаң туралы айта отырсаң?

– Мен 1988 жылы Қызылорда қаласында өмірге келдім. Алғаш осы қалада мектеп табалдырығынан аттадым. Кейіннен әкем зейнеткерлікке шыққаннан кейін туыс-туғандарымыз, ағайындарымыз тұратын Қаракөл деген ауылға көшіп бардық. Міне, осы ауылда ер жеттім. Мектеп бітірдік.

Мектепті аяқтағаннан кейін арман қуып Алматыға келдім. Осындағы Жүргенов атындағы өнер академиясына құжат тапсырдым. Оқуға да түстік. Алайда, бәрі мен ойлағандай болмады. Осында актер мамандығын таңдаған болатынмын. Бір жыл көлемінде білім алдым. Алайда осы уақыт аралығында менен тәуір актер шықпасын түсіндім (күліп). Турасын айтқанда бұл кәсіп менің қолайыма келмейді екен.

Осылайша өз еркіммен оқудан шықтым. Біржолата музыкамен айналысуды жөн таптым. Осылайша шамамен 7-8 жылдай үлкен ізденіс үстінде жүрдім.

Сонда сіздің әнге деген қызығушылығыңыздың өзі әртіс бола алмайтыныңызды түсінген кезде басталған болып тұр ғой?..

– Жоқ, қателесесіз. Музыкаға мектеп жасымнан бері жақын болдым. Мектептегі түрлі ән кештерге үзбей қатысып отыратынмын. Әсіресе, гитараға деген қызығушылығым жоғары болды. Уақыт өте келе осы бір аспап – жан досыма айналды десем, артық айтпаспын.

Анығында, гитараның тілін толық меңгергеннен кейін әнге, музыкаға деген қызығушылық басталды. Ал Алматыға келгенде басты мақсатым әнші болу еді.

Иә, ілгеріде айтып кеткенімдей 7-8 жылдай ізденісте болдым. Жасырары жоқ, бірден жарқ етіп шығу да оңай емес. Бұған да дайындық керек. Жарқ етіп шығып, жалп етіп сөніп жатқандарды да көріп жүр көзіміз. Әнші болу оңай емес жалпы. Бір жағынан бірден шықпағаныма да қуанамын. Өйткені осы уақытқа дейін көп нәрсені көрдім, көп нәрсені ұғындым.

Оқудан шыққан жылы ән жазуға, музыкамен айналысуға тырыстым. Бәрі бірден сәтті болған жоқ. Кейбір әрекетімнен ешқандай нәтиже болмады. Кейін біраз жыл сазгерлікпен де айналыстым. Әншілерге ән жаздым, сөз жаздым дегендей.

MG_2543

Өз әндерімді орындап сахнаға шыққаныма әзір екі жылда тола қойған жоқ. Қазір ойланып қарасам, асығыстық жасамағаным дұрыс болыпты. Өйткені осыдан 7-8 жыл бұрын көрермен талғамы, жалпы әннің бағыты бөлек еді.

Дегенмен әлі де ізденіс үстіндеміз. Жаңа бағыттар іздестіру үстіндемін…

Бағыт демекші, сіздің туынды­лар­ың­ыздың ешбірі бүгінгі қазақ әнде­ріне, той әнде­ріне мүлдем ұқса­майды. Бұл қандай бағыт? Осы туралы айта отырсаңыз?

– Жалпы музыканың мыңнан аса бағыты бар. Бір ғана рок ондаған тармағы бар. Менің бағытым – синти поп, поп музыка, рок музыка, фанк музыка сияқты бағыттардың қосындысы іспеттес. Қатып қалған бағыт жоқ. Бірақ, бұл бағыттардың барлығы бір-біріне ұқсас.

Дегенмен мен үшін синти поп стилі жақын. Бұл стильді – электропоп, технопоп деп те атайды. Халық мені дәл осы стильде таныды және осы стильде тыңдайды.

Бұл стиль несімен ерекшеленеді?

– Бұл 60-шы жылдардың басында пайда болған, 80-шы жылдардың басы мен ортасында қарқынды дамыған стиль. 1990 және 2000 жылдардың аралығында бұл Қазақстанда да ерекше сұраныста болды. Бұл стильді бәрі тыңдаған.

Мысалға, бәріміз ауылда өстік қой. Бұрындары ауылда музыканттар тойларды, концерттерді бір ғана синтезатормен өткізетін. Сайып келгенде, синти поп дегеніміздің өзі синтезатор деген ұғымнан алынған.

Сонда сіз ұмытыла бастаған ретро бағытты біздің эстрада да қайта тірілткен болып тұрсыз ғой?

– Иә, солай айтуға болатын шығар.

Жасырары жоқ, қазіргі күні қазақ эстрадасындағы көптеген әншілер табысын тойдан табады. Сізді солардың қатарына жатқызуға бола ма? Әлде…

– Шүкір, көйлегім көк, тамағым тоқ. Өзім жалға алып отырған үйдің ақшасын төлейтін жағдайым бар. Иә, қырып табыс тауып жатырмын деп те айта алмаймын. Неге десеңіз, мен өнерге, музыкаға ақша табу үшін келгенім жоқ.

Тойға шықпаймын. Иә, ұсыныстар болады. Бірақ, көп жағдайда келісім бермеймін. Бастапқыда бұл қандай той, нендей шара екенін сұрап аламын. Иә, кейде тойдан кейін жастар өздері жиналып бас құрайды. Міне, сондайда олардың шақыртуын қабыл алып, бір сағат немесе қырық минут шамасында концерт береміз.

Дегенмен, үлкен кісілер отыратын тойға шықпаймын. Өзіңіз ойлап қараңыз, тамақ ішіп, арақ ішіп, қызып алған халықтың алдында өлең айтқанның өзі мен үшін шынын айту керек, жиіркенішті. Өзімнің құнымды өзім түсіргендей боламын. Сайып келгенде, өнер дегеніміз бизнес емес. Өнер дегеніміз ақша табудың құралы болмауы керек. Бізде осылай ойлайтын әншілер көп. Жұлдыз болуға ұмтылатын, ал оның арғы мақсаты белгілі…

MG_2542-kopiya

Жеке шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Қазір үнтаспамды әзірлеп жатырмын. Әзір оның атауы белгісіз. Бұдан сырт ендігі жерде мен жалғыз жүрмеймін. Осы уақытқа дейін жалғыз жұмыс жасап келдім, енді топ болып ән саламыз. Барлығын тірі дауыста орындаймыз. Тобымыздың аты – «Молданазар» тобы деп аталады. Топтың атауын өзгертуді қаламадым. Себебі, менің бұрыннан бергі тыңдармандарым түсінбей қалуы мүмкін. Молданазарды қалдырып, Ғалымжанды алып тастадық. Осылайша топқа айналған жайымыз бар.

Бұл топтың ерекшелігі қандай болмақ?

– Фонограммаға мүлде жоламаймыз. Бұрын да жоламайтынмын. Тіпті минусовкамен айтқанның өзі дұрыс емес.

Негізі, фонограммаға мүлде рұқсат бермеу керек. Фонограммамен айтатындарды мүлде түсінбеймін. Оны несіне айтады? Адам оны несіне тыңдайды? Мұндай болса әнді үйінде жатып та тыңдаса болады ғой? Дайын дүниені…Өзін алдайды, халықты алдайды.

Бұл мәселе бізде біраз жылдан бері қозғалып келе жатыр. Кейбіреулер техника жоқ дейді. Бұл сылтау. Қазір ХХІ ғасыр. Техника бар. Бәрін соған аудара салуға болмайды.

Ғалымжан, жақында ғана Нью-Йорк қаласынан оралдыңыз. Америкаға қандай мақсатпен бардыңыз, қандай әндер орындадыңыз? Жалпы америкалық тыңдарман сізді қалай қабылдады?

– Нью-Йоркке баруға Break of reality деп аталатын америкалық топ мұрындық болды. Олар осында концертпен келген болатын. Топ мүшелері Қазақстанда бірігіп ән салуды ұсынды. Кейіннен Америкаға шақырды. Топ менің «Ақпен бірге» деген әнімді қатты ұнатқан екен. Сол әнді бірге орындауға және топтың концертінде менің осы әнімді орындап беруімді өтінді. Әрине, қуана қабыл алдым. Осылайша Break of reality тобының концертінде қонақ ретінде ән салдым. Қазір менің «Ақпен» бірге деп аталатын әнім Америкада сатылып жатыр.

Көрермен де өте жақсы қабылдады. Концерттен кейін көп адамдар келіп тікелей танысты. «Бұл өте әдемі тіл» деді. Бұларға біздің тіл таңсық қой. Алғаш рет естіп отырғаннан кейін таңданыстарын жасыра алған жоқ. Осы концерттен кейін әлеуметтік желіде менің америкалық тыңдармандарым пайда болды.

Сіз қазақша айтасыз. Әндеріңіздің сөзін де, әуенін де өзіңіз жасасыз. Шабытты қайдан аласыз? Туындыларыңыз қалай пайда болады?

– Көп жағдайда көңіл күйіме байланысты. Әр адамның әр уақытта көкейінде белгілі бір ой жатады. Жақсы болсын, жаман болсын.. Қазіргі уақытта қандай сезімдемін соны қағазға түсіремін. Ешнәрсені ойдан, қиялдан шығармаймын.

Ғалымжан, америкалық танымал «Тақ таласы» («Игры престолов») сериалының түсірілім тобы тарапынан сізге осы сериалдың қазақша әнұранын жазу туралы ұсыныс түскен екен. Осы рас па?

– Шынымды айтсам, мұны сізден естіп отырмын. Мұндай сериал туралы естіген де емеспін. Себебі, теледидар көрмеймін. Бірақ, мұндай ұсыныс түссе бұл қандай сериал, оның мақсаты не, нені насихаттайды соның бәрін қарап біліп алғасын шешім шығарармын.

Сұхбаттасқан Есет КӨШЕБЕ

Суретті түсірген Қайрат ҚОНЫСПАЕВ

Ақпарат http://erkindik.kz сайтынан алынды!

 

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close