СұхбаттарШоумен & Тұлға

Асқар Көмекбаев — Пародист: Тұрысынбек Қабатовтың алдында өнер көрсетсем қобалжып,ойып шашырап қалады!

Көпшілікті өзінің ерекше өнерімен таңқалдырып жүрген белгілі пародист, «Базар жоқ 2 » театрының актеры Асқар Көмекбаев.

MO-VztRRB0M

Асқар, бірінші өзіңізді біздің оқырмандармен таныстыра кетсеңіз. Қай елдің тумасысыз? Өнерге қалай келдіңіз?

Негізі туылып өскен жерім Өзбекстан мемлекеті Қарақалпақстанда, дегенмен ата-анам қазақ. Ақтөбе облысында ұзақ уақыт тұрған болатынбыз. Белгілі себептермен отбасымызбен Қарақалпақстанға қоныс аудардық. Мен тоғызыншы сыныпты сол жақта жүріп аяқтадым. Кейін Ақтау қаласына келіп,  «қаржы және несие» мамандығы бойынша үш жыл білім алдым. Содан қайта Ақтөбеге бет бұрып, үй салып туған жерге қоныстандық. Оқыған тоқығаным бір басқа болғанымен өзім мәдениет саласында қызмет жасадым. Тоғызыншы сынып бітіргенде сыныптас досым  Майкл Джексонның видеокасетасын берген болатын,  мен ол кезде тіпті Майкл Джексонды білмейтінмін. Содан кейін биіне қызығушылық пайда бола бастады. Өнерге негізі би арқылы келдім. Әр адамның өзіндік арманы бар ғой, бірі бастық болсам десе, бірі әскери қызметті армандап,  мамандық таңдайды. Менде  де сол биші болсам деген арман пайда болды. Бірақ, бишілікті ары қарай алып кету қолымнан келе қоймады. Кейін оң жамбасыма ыңғайлы болған сол Майкл Джексонның биімен шектелдім. Көптеген би қимылдарына икемім келе қоймады. Бидің де түр түрі болады ғой, балет сынды билер жаныма жат болған соң, оқуымды тастап кеттім. Содан телеарналардан өнердегі ағаларымызды көріп, шетелдің киноларын қарап, сонда «Полицейская академия» кино есіңізде болса Майкл Уинслоу деген жігіт бар. Сол жігіт түрлі дыбыстар салатын, маған сол қызық болды. Соған еліктеу арқылы қазіргі уақытта түрлі дыбыстар салып, өзімді сынап жүрмін. Құдайға шүкір, міне, қазір отызға жуық дыбыс түрлерін зерттеп салып жүрген жайымыз бар. Халық та жақсы қабылдады. «Базар жоқ » театрының басшысы Тұрсынбек Қабатов мырзаға апарып көрсеттім. Тұрсынбек  Әзіл әлемінде Қанат Әлжаппаровпен мені жұп қылып, өнер көрсетуіме мүмкіндік берді. Тойларға сұраныс көп болды, тойға шығып жүргенімде «Шаншар » театрының директоры Уәлибек ағамыз өнеріме тәнті болып, мені « Алдараспан мен Шаншар шақырады»  атты кешке шақырту алдым. Сол кешке Алдараспан театрының директоры Нұржан Төлендиев ағамыздың дауысын салған болатынмын, арада уақыт өте келе сол ұжыммен гастрольдік сапарларға шығып жүргенімде Қайрат Нұртасты жолықтырып, рұқсатын алдым.  Қайратқа толық ұқсап көзілдірігі, би қимылдары, киімдерімен шығып жүрген соң шығар, Қайраттың пародиясына сұраныс көп. Тіпті кейде Қайрат боп шыға берші, адамдар айыра алмай қалады деп те сұрап жатады. Бірақ халықты алдап Қайрат боп өнер көрсеткен емеспін.

Пародия өнері  балалық шақтан бойыңызға дарыған қасиет пе? Қызығушылық неден бастау алды? Арнайы білім алмадыңыз ба

Шынымды айсам, кішкентайымда пародия салу деп түсінбейтінмін. Әйтеуір ит-күшіктің дауысын салып, қызық көріп жүретінбіз. Өзге адамдардың қылықтарын, сөйлегенін, қимылдарын салу анамнан дарыды деп айтсам да болады. Көрші- көлеммен, жақын-жуықпен әңгімелесіп отырғанда қасындағы келіншектердің қимыл-жүрісін келтіріп, күлдіріп отыратын. Қазір өздеріңізге мәлім дыбыстармен қатар өнер иелеріне де пародия салып жүрмін. Әр өнер иесінің өзіндік бағыты, стилі қалыптасады. Болашаққа ерекше дүриелер дайындып жүрмін. Қазақстанда болмаған, ел көрмеген қызықты дүниелер жасап шығаруға дайындалып, ізденіп жүрмін.  Қызығушылығым Майкл Джексонның биімен бастау алды деп айтып кеттім ғой. Сенсеңіз би-қимылдары мен қылықтары әбден  бойыма сіңіп, қазір көшеде жүрсем де, үйде болсын образына кіріп шыға алмай жүретін кездерім болады. Көпшілікке белгілі  Майкл Джексонның биімен танылған Айбек Байназаров деген жігіт көріп, жақсы бағалап, мүсінің де сай келеді, Майкл Джексоннің биін жақсы салатын жігіт іздеген болатынмын деп, тойына өнер көрсетуге шақырды. 18 жасымнан бастап пародияның не екенін түсініп, көңіл бөле бастадым. Негізі біздің елде өте дами қоймады өнердің бұл түрі. Әртістерге еліктеп не керек деген түсініксіз пікірлер көп айтылады. Көп адамдар сенбей ауызыңа не салып алғансың деп сұрап жатады. Қане қайталаш, көрсетші деп тексеретін кездер жиі боп тұрады. Адам істей алмайды, қолынан келмейді деген дүниелерді жасап шығарғым  келеді. Сол үшін де еңбектенетін боламын.   Негізі арнайы білім алғаным дұрыс еді. Бірақ, оқуға ынтам болмай жүр. Ең бастысы ізденіс пен еңбекке байланысты. Керек дүниелерімізді ғаламтордан ақ қарай саламыз. Ғаламтордың дамығаны соншалық барлығымыз сол әлемге кіріп алдық.

Сіздің тойға жиі шығатыныңызды білеміз. Басты мақсат концерттік бағдарламалар дайындау ма  әлде  табыстың көзін тойдан табу ма?

Енді ол жасыратын дүние емес баршамыздың табысты тойдан тауып жүргеніміз. Концерт берем деп шығынға батып жүргендер өнер иелері қаншама. Эфирге шығу ол өзіңді, өнеріңді  халыққа таныту. Халық таныған соң бағалап,  тойына шақырып жатады. Қазір тойға шығып, табыс табуды көздегендер жетерлік. Қазіргі күні эфирге көбірек жұмыс жасауға, танылуға тырысып жатырмыз. Қайырымдылық кештерге көп шақырады. Бір әзілмен әлі жүрсіңбе деп сөгіп те жатады. Өнердің жолы жеңіл емес. Әзіл шығару, көрерменнің көңілінен шығу оңай дүние емес. Сол үшін де барынша ізденуге, еңбектенуге тура келеді. Уалибек ағамыз айтпақшы өнерде ең қиыны пародия салу деп, қаншама ізденіп, оны бойыңа сіңіріп, халыққа жеткізіп, сендіре білу қажет. Актерлік шеберлікке адамдарды оқытады, дайындайды. Кез-келген мінездегі тұлғаны ойнап бере алады. Ал пародия салу үшін ізденістен бөлек, дыбысты ұқсатып шығару үшін алты ай, тіпті жылдап уақытың кетеді.

Өнердегі үлкен ағаларыңыз сіздің өнеріңізге профессионал есебінде қандай баға беріп жатыр? Сыни қөзқарастарды қалай қабылдап жатырсыз?

Тұрсынбек ағамыз өнерімді ұнатып, жақсы бағасын бергендердің алғашқысы.  Бірінші Қанатпен жұп қылып, өнер көрсетуіме мүмкіндік берді. Келетін жастар көп, дегенмен  сенің өнерің ерекше, маған ұнады деп қолдау көрсетті. Жақында Астана күніне жақсы қойылым дайында, сахнада бізбен өнер көрсетесің деп хабарлады. Дайындық үстіндеміз. Уалибек ағамыздың айтуынша Туканың дауысын салатындар көп, маған Шымкенттің өзінен он адам келген, дегенмен сенің өнерің бізге ұнады деп шақырған болатын. Өзім де жақсы сезем, толық жүз пайыз дайын болмайынша сахнаға шығармаймын. Өзімнің авторлық туындыларыммен ғана жұмыс жасаймын. Өзгенің жасағанын жасап қайталаушы болғым келмейді. Достарым сахналық қойылымдарымды көргенде кімді салып тұрсам сол кісіден ажырата алмай қалып жатады. Қайраттың да анасы Қайратқа салған пародияларымды көріп күліп, маған  ғаламтор желісінде жібере салшы деп өтініш жасады. Бәрі бос деп ойламаймын. Мүмкін Қайраттың концертінде Қайратпен қосыла ән шырқап немесе шоу жасап қалсақ деген үмітім бар. Мені оқып отырған пародия өнеріне келем деген ниетті жастарға айтарым өзгелерді  таңқалдыру үшін  жаңаша образ, жаңаша стиль ойлап тауып, шоу бизнеске жаңалығымен келсе екен деймін. Өзгенің  жасағанын қайталап, ешкімді таңқалдыра алмайсың.

Өзіңіз айтып отырсыз Тұрсынбек Қабатов өнеріме таңқалды, жақсы бағалады деп. Тұрсынбек мырзаның «Әзіл әлемі» театрына іріктеуде үздіктердің қатарынан көрініп, жеңіске жетпеуіңізге не кедергі болды?

Әңгімені бұрмалап ақталмаймын. Жүрегімдегі шынайы шындығымды айтсам, «Базар жоқ »  алаңына іріктеуіне қатысам деп ойламаған едім.  Астана қаласына КВН ойынына барған болатынбыз. Сонда театрдың жігіттерін кездестіріп, іріктеудің болып жатқанын айтып, қатысып қайтсаңшы деп кеңес берді. Бағым сынау үшін барып көрдім, іріктеуден өттім. Жеңіс мен үшін басты мақсат болған жоқ. Ең бастысы халыққа өнерімді паш етіп, ықыласына бөлену болды. Өзім жеке өнер көрсетуіме мүмкіндік болды. Жеңіс басты мақсат болса, оған да талпынып жұптық өнер көрсетсем де бірдене ойластырар едім. Мен халық көзайымына айналғым келді. Халқым бағалады. Демек, көздегеніме жеттім. Ал, керемет дүниелерімді болашақтың еншісіне қалдырдым.

Өзгелердің пікірін білдік. Енді сіз өзіңізге қандай баға бересіз? Өзіңізге көңіліңіз толады ма?

Әр жұмысыма жауапкершілікпен қараймын. Әбден жұмысымды пісіріп, толық дайын болмайынша ешкімге де көрсетпеймін. Кезінде гаидің дауысын салу арманыма айналған. Сол кезде ойлайтынмын егер осыны үйренсем арманым жоқ деп. Арманның да шегі жоқ қой. Оны үйренген соң қолымнан келетініме сеніп, ары қарай іздене бастадым. Өзімді мақтап, көңілім толып қалса осы күнгі деңгейімде қалып қояр едім. Өсу керек, жетілу керек, іздену керек. Өзімнің өнеріме аса қатты таңқала бермеймін. Көпшілік таңқалып жатады, әрине ризамын. Бірақ менің көрсетер қызығымның бәрі алда. Вокалдан сабақ алып, дауысымды шығарып алған соң электр гитара, саксафон сияқты инструменттерді дыбыстауға да мүмкіндігім болады. Актерлік шеберлігімді жетілдіру ойымда бар. Әлі шықпаған, жемісін бермеген дүниелер көп-ақ.

Жақында «Базар жоқ  2» театры құрылды.  Қандай бағытта жұмыс жасамақсыздар? Ерекшеліктеріңіз не болмақ?

Менің түсінігімше «Базар жоқ» театрының жігіттерінің әзілі, халыққа айтары таусылғаннан емес, сол театрда өнер көрсеткісі келетін жастарға қолдау көрсетіп, өнерлерін шыңдап, халықтың алдына шығару. Көп жастар әзілдерін дайындап әкеліп Тұрсынбек ағамызға көрсетеді, ол кісі қателігін дұрыстап, әбден дайындап, пісіріп, сахнаға алып шығуына мүмкіндік жасайды.  «Базар жоқ 2 » театрында жақсы өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөленген әртістерді «Базар жоқ» театрына алады.

Сонда түсінуімізше  «Базар жоқ 2» театры Тұрсынбек мырзаның өзінің қолдауымен, рұқсатымен құрылып, жүзеге асып отыр ғой….  Осы екі театрдың арасында қандай айырмашылықтар болуы мүмкін?

Ия, Тұрсынбек ағамыз өзі хабарласып, жоспарларымен таныстырып, ниетің болса кел деп шақырған болатын.

Енді, «Базар жоқ» театры бар қазақты, еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін мойындатқан өзіндік үлкен орны бар театр. Ал, «Базар жоқ 2» театры  жаңадан өнерге қадам басып келе жатқан жастардан құралған театр. Өздері халықтың бағасын алып, мойындатқан соң біздей жастарға демеу беріп, шәкірт есебінде тәрбилеп, өндіріп, өсіру мақсат болып отыр. Негізі жұысты бастап кеттік.

«Базар жоқ 2» театрынан бөлік, өзіндік алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

Дәл қазір «Базар жоқ 2» театрына көбірек күш салып жатырмын. Кейде қашан жеке концерт бересің деп сұрап жатады. Ол үшін әлі көп еңбектену керек. Сахнаға кеше ғана қадам басып, ертеңіне  концерт беру ессіздік болар. Болашаққа ойлап жүргенім Қайрат бауырыммен жұп болып өнер көрсету. Бәлкім отандық кино туындылардан бой көрсетіп қалармыз. Айтып отырғанымның барлығы да болашақтың еншісінде,  Алла жазса.

Асқар, мен сізді қайырымдылық кештерде байқап жүрмін. Сахнада өзіңізді еркін ұстап, қалжыңмен көпшілікті күлдіріп жатасыз. Ал, эфирге шыққанда ұстамды, өзіңізді толық ашып көрсете алмайтын сияқтысыз.   Эфир мен эфирден тыс Асқар Көмекбаев екі бөлек тұлға ма?

Ия, дұрыс айтасыз. Кейде эфирден соң әзілімді толық жеткізе алмадым деп өкініп жатамыз. Ал, сахнада емін-еркін ұстап, әзілін жүз пайыз жеткізе алатын кісілер әбден сахнаға төселген, тәжірибелі кісілер. Негізі көп өнер иесі сахнадан емес, той, мерекелік жиындардан ашылады. Шынымен де эфирден тыс өзімді еркін ұстап, әзілдеп, шынайы болуға тырысамын. Эфирге шыққанда қобалжу болады. Қайырымдылық концерт болсын егер сол жерге келіп Тұрсынбек ағамыз отырса менде қобалжу басталады.  Өткен жолы «Базар жоқ 2» театрының ұжымымен концерттік бағдарламада бір кісі Тұрсынбек отыр деп қалжыңдап айқан екен. Сол кезде бәріміз қобалжып, ойымыз шашырап қалды. Тұрсынбек ағамыз басты үлгі алар тұлға, басты сыншымыз болған соң шығар мысы басып тұрады.

Тойға қаншаға шығып жүрсіз? Ашық айта аласыз ба?

Ия, 500 долларға шығып жүрмін. Кейде тапсырыс берушінің де жағдайына байланысты келісеміз. Ең бастысы тапқан табысымда береке болса екен деймін.

Жеке өміріңізге қатысты сұрақтарға жауап бересіз бе?

Ия, жасырмаймын. Ойламаған жерден бір себептермен отбасын құрдым. Оңтүстіктің қызы. Өзгелер көз салып, сөз салмақшы болған соң бірінші болып әрекет жасауға бел будым. Негізі күз айларына дейін табыс тауып, өз тойыма қамданайын, туған күніме қарсы той жасап, ата-анама салмақ салмаймын деп ойлаған едім. Бұйырған кетпейді деп себепсіз отыруға да болмас деп, алып қашуға бел будым. Ең қызығы біздің жақ қыздың отбасынан кешірім сұрап, хабарлауға барғанда үйлерін іздеп жүрген кезде маған хабарласып мекен-жайын сұрады. Мен Асқар көшесі деп жазып жіберсем, ол кісілер таппай жүріп бір қариядан жол сұрап Асқаров көшесін іздеп жүр едік, бұл қандай көше десе,  бұл Көмекбаев көшесі деп жауап берген екен. Басында қалжың деп түсінген болатынмын. Сөйтсем, шынымен-ақ Асқар Көмекбаев көшелері қиылысып жатыр екен. Қазір келіншегіммен Алматы қаласында үй жалдап тұрып жатырмыз. Болашақта Ақтөбе жақа барып қызмет жасап, елімде ата-анама қарайласып  тіршілігімді туған елде жалғастырсам деген жоспарларым бар.

Жоспарлырыңыз сәтті жүзеге аса берсін. Көпшіліктің көңілінен орын тауып, қошеметіне бөленіп, еңбекте жемісті болыңыз. Бүкпесіз, боямасыз ашық әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Арайлым Талап

 

 

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close