Басты жаңалықтарЖаңалықтарКино & Театр

Түрік сериалдарында не сиқыр бар?

Осы күндері теледидарды қоса қалсақ, «пәленше арна қандай жаңа телесериалды ұсынар екен?» деп тағатсыздана күтетін болдық. Әсіресе, түрік сериалдарының сиқыры күшті болып тұр. Миллиондаған көрерменнің көңілінен шыққан «Сүлеймен сұлтан» телехикаясынан кейін түрік ағайындар тарихи драма түсірудің тиімді екеніне көз жеткізгендей. Атақты кинодан кейін олар «Жаужүрек Ертұғрыл» көп бөлімді фильмін түсіруге кірісіп кетті. Қазақ көрермендеріне бұл телеөнім осы жылдың 28 наурызынан бастап жол тартты.   Телехикая  Осман империясының негізін қалаушы – Ертұғрыл туралы. Ертұғрыл Түрік-Оғыз тегінен тараған Кайы руының басшысы болған. Өзінің ерлігі, батылдығы мен шыдамдылығының арқасында ұлы жеңістерге жеткен. Оның әрекеті Осман Империясының құрылуына септігін тигізді. Басқару кезінде Кіші Азияның батыс өңірлерінің барлығын жаулап ала алды. Ал ұрпағы империяны алты ғасыр бойы басқарған. Фильм – өзінің күшін бірнеше рет дәлелдеген Осман империясының ұлылығын еске салатын ерекше телехикая. Бұл оқиға көрермендерге Осман Империясының құрылу кезіндегі тарихқа тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Және жаулап алынған жаңа жерлер, тарихи жорықтар мен ұлы махаббаттың көрінісін баяндайды. Фильмнің алғашқы сериясында қазақы киіз үй, оюларды байқамау мүмкін емес. Мұның сыры сериалды түсіруге  халықаралық көлемде танылған еліміздің «Raim Nomad Pro» атты каскадерлік тобы атсалысқан көрінеді. Сериалдың 31 арнадан көрсетіліп жатқанына аз уақыт болса да едәуір аудитория жинап үлгерді. Көрерменді XIII-ғасырға сапар шеккізетін сериалдың «алдағы бөлімдері қандай болады екен?» деген сұрақ мазалайтыны белгілі. Алдағы бөлімдерде Ертұғрылдың Моңғолия, Византия елдеріне жасаған шабуылдары баяндалады. Ал жалпы фильмнің немен аяқталатыны белгісіз. Өйткені Түркияда телехикаяның түсірілім жұмыстарының екінші маусымы әлі жалғасып жатыр. «Жаужүрек Ертұғрылдың» көрсетілімі Түркияда TRT1 арнасынан 2015 жылдың 10 желтоқсанынан бастау алды. Батыр қолбасшының өміржолы телехикаялардың рейтингісінен әзірге бірінші орынды бермей келеді. «Жаужүрек Ертұғрыл» «Сүлеймен сұлтанның» орнын баса алар ма екен? Оны көп ұзамай патша көңілді көрерменнің өзі анықтай жатар.   Айта кетейік, Қазақстан аталған сериалдың түсірілім жұмыстары аяқталмай жатып сатып алған алғашқы елдердің бірі. Мәлімет бойынша осы жазда кинода басты рөлдерді сомдаған әртістер қазақ жеріне келмек.

«Астана» арнасынан көрсетіліп жатқан «Стамбул көшелері» (Фатих/Харбие) сериялын көптеген елдердің көрермендері үш жыл бұрын тамашалап үлгерсе, қазақ көрермендеріне енді ғана келіп жетті. Телехикая кедейлердің көшесі Фатихтан шыққан жас қыз Нериман жайлы. Анасынан ерте айырылып, әкесі және тәтесімен бірге өмір сүретін қыз тоқшылықта өмір сүруді армандайды. Бала күнгі досы Шинаси да осы кедейлер қоныстанған көшенің тұрғыны. Нериманға ғашық жігіт оған үйленуді армандап, қол жеткізу үшін бәрін жасайды. Нериман Шинасиден кет әрі болмағанымен бай әулеттің жалғыз мұрагері Мәжитті көріп, өмірі түбегейлі өзгереді.  Бай ханзада Харбиенің (Стамбулдың бай-бағландары тұратын атақты көшесі) тұрғыны. Отбасылық келісім бойынша Пелинге үйленуі тиіс Мәжит Нериманды бір көргеннен ұнатып қалады. Алайда қос ғашықтың алдынан талай кедергілер шығады. Басты кейіпкерді көпшілік байлық үшін отбасын, махаббатын сатып кетті деп сөгеді. Телехикаяның шиеленіскен бөлімдерінің бірінде Нериманға оқ тиіп, өлім аузынан қалады. Соңында көрермендер махаббаттың материалдық жағдайға қарамайтынына көздері жетіп, ғашықтардың үйленгеніне куә болады. Негізінен сериал түріктің атақты жазушысы Пеям Сафаның «Фатих-Харбие» романының желісі бойынша түсірілген. Романда автор Стамбулдағы  екі түрлі топ өмір сүріп жатқан көшелер арқылы теңдік пен махаббатты керемет суреттей білген.
Жалпы Түрік телеарналары көрерменнің талғамын жоғары бағалайды. Олар апта сайын арнадан  көрсетіліп жатқан сериалдардың рейтингісін жасап отырады. Егер рейтинг төмен болса сол фильмді экраннан  алып тастайды. «Стамбул көшелерінің» мұндай «қара тізімге» ілінбегеніне қарағанда алтын уақытты бөліп, тамашалуға тұрарлық дүние секілді.

Түрік телеиндустриясы соңғы жылдары космостық жылдамдықпен дамып келеді.  Балқан түбегі елдері, Азия және Орта Азия елдері түрік телеөнімдерін сатып алушылардың алғашқылары. Кейіннен түрік ағайындар Еуропа мен Америкаға көз тіге бастады. Нәтижесінде Грекия, Ресей, Бірікен Араб Әмірліктерінен миллиондаған көрермен тапты. Тіпті қазір түрік телехикаяларын қара нәсілділер де  «жақсы көреді» екен. Бүгінгі таңда орталық Африкада олардың 85 миллион көрермені бар. «Көк жәшік» арқылы өздерін танытып жүрген түріктер ұзын-қысқасы 80-ге жуық мемлекетке өнімдерін сатуда. Бір қызығы, ыстығы суымай жатып сериалдарды сатып алудан алдына жан салмай отырған елдердің көшін  Қазақстан бастап тұр. Түрік сериалдары әлемде таралымы жағынан ғана Голливудқа ілесіп келе жатқан жоқ. Деректер бойынша туристерді өзіне тартып тұрған елде сериалдардың құны феноменді бағаға жеткен. Осыдан бес-алты жыл бұрын коммерциялық сағат 600-700 долларды құраса, қазір 20-500 мың долларға дейін көтерілген. Қызық, сонда көрерменді күлдіріп-жылататын түрік әртістері қанша гонорар алады екен? Ендеше айтайық, атақты актер Халит Эргенч «Сүлеймен сұлтанның» әр сериясы үшін 45 мың лира (25 мың доллар), ал Мерьем Узерли (Хюррем) 35 мың лира жалақы алып отырған. Өткен жылы Түркияда сериалдан түскен қаражат 350 миллион долларды құрап, телеиндустрия саласындағы табыс көзінен алда келе жатқан АҚШ-тан кейінгі екінші орынға бір-ақ жайғасты. Мәселен бір ғана «Сүлеймен сұлтан» телехикаясы 20 миллион АҚШ доллары көлемінде  пайда түсірген.   Түрік киногерлері  2023 жылға қарай сатылымнан келетін қаржыны 1 миллиард долларға жеткіземіз деген меже қойып отыр. Осылайша, кез-келген тақырыпты сериалға айналдыра салатын түрік ағайын дәл осы кинотуындылары арқылы еліне келетін туристердің санын 16-18 пайызға арттырған.

Түрік сериалдары көрші Ресейдің де экранын жаулап алғалы қашан. Әсіресе «Домашний» телеарнасы телетуындыларды бірінен соң бірін сатып алуда. Биыл көршіміз «Сүлеймен Сұлтан» сериалының жалғасы «Кесем сұлтанның» премерасын асыға күтіп жүр. Көрермен ынтыққан сайын  кейінгі кездері Ресей үкіметі түрік киноларынан үркиін деген секілді. Жоғары билік «орыстардың сериалдардың кесірінен  түркі халықтарының сарайы мен жігіттеріне қызығушылығы артып барады» деген дабылмен түрік сериалдарын көрсетуге тыйым салу туралы бастаманы көтерген болатын. Әйткенмен, аяқсыз қалды. Естеріңізде болса біздің министрлік те шетелдік өнімдері көрсетуге тыйым саламыз деп жеңдерін түрген секілді еді. Бұған әсіресе үнді, корей, түрік сериалдарынан шаршаған ағаларымыз қуанды. Қазақ телеарналары бір-бірінен шетелдік сериалдарды сатып алып, «тұсаукесер» деп айғайлап жатқанда бұл ақпараттың шындыққа айналуы екіталай екенін біз де, сіз де жақсы түсініп отырған шығарсыздар. Жан-жақтан қаптаған шетелдік өнімдер қазақ киносының,  енді ғана «тәй-тәй» басып келе жатқан отандық режиссерлардың аяғына тұсау болып тұрғаны түрік киносындағы трагедиядан да аянышты жағдай.

Айнұр Оңғарбай,

«Рейтинг» газеті №17-18, 5 мамыр 2016 жыл

Дереккөз: Juldizdar.kz

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close