Басты жаңалықтарЖаңалықтарСпорт

«Астана» Португалияның «Бенфикасымен» 2:2 есебімен тең түсті

УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында «Астана» ФК өз алаңында өткен соңғы кездесуде тең ойнады. «Астана Арена» стадионында португалиялық «Бенфика» командасымен өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Осылайша, елордалық команда Чемпиондар лигасы ойындарының аясында елімізде өткен матчтарды жеңіліссіз өткізді.

Фото bestgoal.tv
Фото bestgoal.tv

— Меніңше, бүгін команда керемет ойын көрсетті. Біз жоғары деңгейде, тіпті, өз мүмкіндіктерімізден де жоғары ойнадық. Футболшылар жақсы гол соқты. Үшінші рет гол соғып, жеңіске жете алмағанымыз өкінішті. Дегенмен, команданы құттықтауға болады деп ойлаймын, жанкүйерлеріміз де қуанышты шығар, — деді команданың бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов ойын аяқталған соң өткен баспасөз маслихатында.

Жанкүйерлердің, көрермендердің және жаттықтырушының өзінің пікірінше, ойынның алғашқы 45 минуты жақсы өтті. Бірінші таймда елордалық команда қарсыластардың қақпасына екі гол соқты. Ойынның 19-шы минутында Патрик Твумаси және 31-ші минутында Марин Аничич ерекше көзге түсті. Матчтың 40-шы және 70-ші минуттарында қарсыластарымыз есепті теңестіре алғанымен, қазақстандық команда лайықты өнер көрсетті.

УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында «Астана» футбол клубының шешуші ойыны 8 желтоқсанда Стамбул қаласында «Галатасарай» командасымен өтеді.

— «Галатасарай» — үздік команда. Бірақ біз жай Стамбулды көру үшін емес, ойнауға бара жатырмыз деп ойлаймын. Біз Еуропа чемпионатына қатысуды армандаймыз, неге бармасқа,- деп атап өтті Станимир Стоилов.

Еске сала кетейік, бірінші турда «Бенфика» «Астанаға» жауапсыз екі доп соқты. Командалардың топтағы қазіргі жағдайына сәйкес, бүгін «Галатасарай» Мадридте «Атлетико» командасымен тең ойнаса немесе жеңіліп қалса, қазақстандық футбол клубы Еуропа лигасының 1/16 финалына шыға алады. Бұл жағдайда «Астана» мен «Галатасарай» ФК арасындағы ойын турнирдің 1/16 финалына кім шығатынын анықтайтын болады.

Дереккөз: Astana.gov.kz

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close