Басты жаңалықтарЖаңалықтарКино & Театр

Қырғызстанда Қазақстанның «Регион 13» фильмін көрсетуге тиым салды.

Бішкектің Октябрь ауданы соты қазақстандық «Регион 13» фильмін Қырғызстан аумағында көрсетуге тыйым салды. Оған Қырғызстандағы қоғамдық ұйым арызы түрткі болған.

Сурет www.unikaz.asia сайтынан алынды!
Сурет www.unikaz.asia сайтынан алынды!

«Регион 13» фильміне қарсы сотқа арызданған Қырғызстандағы «Айкол Ала-Тоо» қоғамдық қоры өкілдерінің пікірінше, картинада 2010 жылы сәуірдің 7-сі күні (Құрманбек Бакиев биліктен кетірілген Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі – ред.) қаза тапқан адамдар есірткі заттар қолданған. Ал фильмнің Қырғызстандағы продюсері кинокартинаның ол оқиғаларға қатысы жоқ екенін айтады.

Бішкектің Октябрь ауданы сотының судьясы Аида Жогоштиева «Регион 13» фильмін көрсетуге тыйым салу туралы шешімді картина премьерасы болған желтоқсанның 10-ы күні шығарғанын айтады.

«Айкол Ала-Тоо» қоғамдық қорының басшысы, Қырғызстан социал-демократиялық партиясы атынан парламентке сайланған депутат Меербек Мискенбаевтың пікірінше, «фильм 2010 жылғы сәуір және маусым оқиғалары кезінде қаза тапқан адамдардың атына кір келтіреді».

— Фильмнің трейлерінде сәуірдің 7-сі күні және маусым оқиғасы кезінде жігіттердің есірткі қолданғаны айтылады. Біздің сотқа арыздануымызға осы түрткі болды. Картина сәуір оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың атына кір келтіреді. Жағдайды тұрақсыздандыруға ешкімнің қақысы жоқ. Мұндай фильмдер Қырғызстан аумағында көрсетілмеуі керек, — дейді.

Мискенбаев ұйым мүшелерінің фильмді толық көріп шықпағанын мойындайды. Сотқа арыздануға фильмнің интернеттегі үзіндісі жеткілікті болған.

Фильм продюсері Шайырбек Маматокторов соттың асығыс қабылдаған шешімін және «сәуірліктердің» шағымын түсінбейтінін айтады. Ол картинаның сәуір және маусым оқиғаларына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

— Фильм идеясын қазақстандық режиссерлер шығарған. Олар бұл фильмді өз елдерінде Украина мен Қырғызстандағы сияқты қақтығыстар болмауы үшін, ондай оқиғалардың алдын алу мақсатында түсірген. Сценарийді Қазақстан мәдениет министрлігі мақұлдаған. Алайда қалай болса да біз өзімізде 2010 жылы болған сәуір оқиғасы туралы ашық айтуымыз керек. Ауыруын жасырған өледі, — дейді ол.

13_region_10

Фильмнің Қырғызстандағы продюсері «Айкол Ала-Тоо» қоғамдық қоры өкілдерінің шағымын мойындамаса да, картинада есірткі туралы айтылатынын теріске шығармайды. Ондай эпизодтар «Қырғызфильм» өтініші бойынша алынып тасталған. Шайырбек Маматокторов аудандық сот шешіміне қарсы жоғарғы инстанцияға арыз түсіретінін айтты.

Қырғыз кинорежиссері Темір Бирназаров «Дау тудыратын ондай фильмдердің мазмұны көрсетілмес бұрын тексерілуі керек» дейді. Ол фильм авторларын емес, оны Қырғызстанда көрсетуге рұқсат берген «Қырғызфильмді» айыптайды.

— Оны көрсетуге рұқсат берген адамдарды жазалау қажет. Фильмнің идеологиясына, айтатын ойына назар аудару керек еді. Жалпы барлық фильмдердің мазмұны тексерілуі керек. Әйтпесе экранға ұлтаралық, дінаралық араздық тудыратын фильмдер шығып кетіп жатыр. Ұлттық мүдде жоғары тұруы тиіс, — дейді ол.

Мұндай сын пікірлерге қарамастан, кейбір оппозициялық саясаткерлер «Регион 13» фильміне тыйым салуды «биліктің қысымы» деп бағалайды. Олардың ойынша, сот фильм өкілдерінің қатысуынсыз өтіп, асығыс шешім қабылданған.

«Регион 13» фильмі Таиландта, Қазақстанда және Қырғызстанда түсірілген. Фильмге Қырғызстанда продюсерлік ететін адамдардың мәліметіне қарағанда, фильм бюджеті 250 мың доллар болған.

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close