Басты жаңалықтарЖаңалықтарМузыкаПродюсерРепортаждарСұхбаттарШоу бизнесӘнші

Әнші Индира Еділбаеваның экс-продюсерлері бар шындықты айтты

Индира Еділбаева «Украина дауысы» жобасының келесі кезеңіне өтті, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

Дәл осы «Украина дауысы» жобасы Индира Еділбаеваға екінші тыныс сыйлаған секілді. Әнші ару ұзақ үзілістен соң үлкен сахнаға қайта оралып, кең диапазонымен музыкалық доданың түгел тәлімгерін өзіне еріксіз қаратқаны бар.  Алайда отандасымыздың таңдауы Дан Баланға түскен еді.

«Иә, мен үшін әрқашан алғашқы екі-үш нота маңызды. Дан бұрылғанда қуанышымда шек болмады. Сондықтан Данның тобына барғым келеді. Бәріңізге алғысым зор», — деді Индира Еділбаева.  

Бұған дейін Индираны жас әрі дарынды әнші ретінде қазақстандықтар жақсы білетін. Алайда бұл жоба арудың танымалдылығын тек елде емес, ТМД жұртшылығы арасында  арттыра түсті. Анығында бұрымдының өнердегі жолын бұрынғы музыкалық продюсері Әли Оқапов өзге  жұрттан жақсы біледі.

«Осындай нәтиже көрсеткеннің өзі мен үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені ол бұл сәтті көптен күтті. Біраз жыл бұрын Ақтөбеден келіп, өз жолын іздеді. Ол қыздың жұмыс істемеген жері жоқ. Караокеден бастап, лайфбендке дейін өнер көрсетті. Арасында біз бармыз. Киноға да түсті. Енді үлкен сахнаға шығатын уақыт келген сияқты. Көреміз не болатынын», — деді Оқапов.

2015 жылы «Қазақстан дауысы» жобасының ақтық сынына дейін жеткен Еділбаеваның талантын алыстан танығандардың бірі де Оқапов пен Әлімов еді.  Екі жыл бойы Әли Индираға ән таңдауға ат салысса, Ерлан бикештің продюсері ретінде шығармашылық байланыс орнатқан. Алайда бұл тандем ұзаққа созылмады.

«Менің ойымша, біз дұрыс бағыт таңдамаған сияқтымыз. Яғни Индираны таза поп әнші ретінде көргенбіз, елестеткенбіз. Бірақ Индира сәл өзгеше адам. Ол андеграундқа немесе басқа жанрға жақындау. Эстрада, қазақ эстрадасы, жалпы мен жүрген бағыт оған келмейді екен.  Біз оны тым кеш түсінген сияқтымыз», — дейді Әли.

«Екі жылдың ішінде көптеген жұмыстар істедік, бейнебаян түсірдік, бір орында отырған жоқпыз. Үлкен жобаларға қатысты. Бірақ жұмысты тоқтатуға тура келді. Мәжбүр болдық. Мен соңғы рет сөйлескенде «сен дарындысың, мен саған сендім, жарты жылдай ма бір жылдай ма сәл күте тұруың керек еді» деп айттым. Ол кезде біз образды, әндерді тапқанбыз. Бірақ Индира сондай шешімге келді», — дейді Ерлан Әлімов.

Иә, Ерлан Әлімов Индираның дауыс деңгейін жоғары бағалайды, әрі осы қабілетін көрсетудің түрлі жолдарын да қарастырған көрінеді. Шетелдегі вокалдық додаларға апаруды да жоспарлаған. Алайда үлгермепті. Десе де жолдары екіге бөлінген экс-әріптестер Индираның әр жетістігіне шын қуанады.

«Өте дарынды қыз. Индираға басынан бастап үміт артқанмын. Шыны керек, мен сенбейтін адаммен жұмыс істемеймін», — дейді әншінің экс-продюсері.

Ал Әли Оқапов Индираның шетелдік жобада топ жаратынына сенімі мол. Тіпті жеңімпаз атанып жатса, Киев қаласында біраз тұрақтап, азулы продюсерлермен келісімшартқа отыруын қалайды.

«Өкінішке орай, біздің еліміздің бір жаман қасиеті бар. Шетелде ғана бағаланған әншіні, біз өзіміз аспанға көтере бастаймыз. Жақсы, шарт сондай болса, сол заңдылықпен ойнау керек деп ойлаймын. Яғни Индира шетелді жару керек. Сонда ғана Қазақстанда да жолы болады», — дейді Әли Оқапов.

Күні кеше Эрос Рамазоттидің әнін шебер орындап, әділ-қазылардың жоғары бағасына ие болған отандасымыз, алапат жобаның келесі кезеңіне ешбір кедергісіз өтті.

 

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close