InstaNewsБасты жаңалықтарМузыкаПродюсерСараптамаларШоу бизнесӘнші

Зирузаның продюсері неге жаңа әнші іздеп жүр?

Продюсер Ерлан Әлімов дарынды жастардың жұлдызын жақпақ, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

Әли Оқаповтың экс-директоры Ерлан Әлімов талантты жандардың жұлдызын жағуға бір табан жақындады. Естеріңізге салсақ, продюсер жыл басында дарынды өнерпаздарға іріктеу жариялаған болатын.

«Жаңа әншілерді іздейтін боламын. Тәжірибем жеткілікті. Өте дарынды өнерпаздарды тапсам жақсы болатын еді. Сол бойда продюсерлік жұмысқа бет бұрамын. Мынадай әнші болу керек деген мақсат жоқ. Бастысы ән айта алатын адам қажет. Елімізде талантты жастар көп болғандықтан оларға қолдау керек», – дейді продюсер.

Іріктеу барысында Ерлан Әлімовпен шығармашылық байланыс орнатуға үш мыңға жуық үміткер ниет білдіріпті. Қатысушылар онлайн тыңдалым арқылы бақ сынаған. Күні кеше продюсер әлеуметтік желіде жеңімпаздардың есімін анықтады. Енді жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 27  вокалист, карантиннен соң ақтық сынның алаңында жүздеспек.

Иә, көріп тұрғандарыңыздай, кіл мықтылар таңдалған. Мәселен еліміздегі бірқатар ән байқауларға қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлаған өнерпаз Дінмұхамед Дәулетов те финалистер тізімінде. Жас өнерпаз  шоу-бизнесте атын қалыптастыруды қалайды.

«Шоу-бизнес әлемі ойлағандай оңай жол емес. Бұл байқауға қатысып жатқан мақсатым – осы ағаларымыздың алдында өнер көрсетіп, Алла қолдап жатса, әрі қарай бірге жұмыс жасап, өнер әлеміне көптеген жаңалық әкелсем деген арманым бар. Үлкен сахналарда өзімді көргім келеді», – дейді кастингке қатысушы.

Әлімов жариялаған конкурста кәсіби музыканттар да төбе көрсетпек. Мәселен ерекше даусымен талайды тамсандырған талант Мәди Сыздықов та бар.

Аталмыш ән доданың қатысушыларға қояр талабы да қатаң емес. Жасы, ұлты, жынысы тіптен рөл атқармайды. Бастысы ес таңдырар даусыңыз болса жеткілікті. Ал продюсердің мақсаты…

«Біріншіден дарындарға көмектесу, таланттарды халыққа көрсету. Екіншіден табысқа жетелейді деп ойлаймын», – дейді Ерлан Әлімов.

Сондай-ақ, Ерлан Әлімов осыдан үш жыл бұрын отандық шоу-бизнестің көшіне әнші Зирузаны қосып, бұрымдыны бүкіл елге танытқан болатын.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button
Close