Батырхан ШҮКЕНОВ: Өнердің обалына қалғым келмейді

28 Сәуір күні біз үшін қиын күннің бірі болғанын барлығымыз да білеміз, сүйікті әншіміз «Батырхан Шүкеновтан» айрылып қалдық, бірақ «Батырхан» ағамыздың әні, айтқан сөздері барлығы жүрегімізде, жадымызда «Батырхан» ағамыздан  www.baq.kz сайты сұхбат алған болған болатын, бұл «Батырхан» ағамыздың соңғы берген сұхбаттарының бірі,сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз 

Dq-x4wSWaVs

 Астана. 4 сәуір. Baq.kz — Шығармашылық жолын «А-студио» тобынан бастаған Батырхан Шүкеновтің есімі елімізде ғана емес, ТМД аумағындағы өнер сүйер қауымға жақсы таныс. «Джулия», «Твои шаги», «Нелюбимая» сынды әндерімен аты шыққан әнші ана тілінде орындайтын «Отан-ана» туындысын бәрінен жоғары қойып, оны өнердегі «төлқұжатым» деп санайды.

Бізбен сұхбаттаспастан бұрын, «А-Студио» тобы мен жеке өміріне қатысты ештеңе сұрамауымызды өтінді. Мұның себебін: «ұжымнан неге кеткенімді менен талай рет сұрады, ол туралы айтудан жалықтым. Ал жеке өмірімді көпшілікке жария еткім келмейді…» деп түсіндірді ол. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзінен 30 жас кіші арумен бас қосқан өнер иесінің өмірі бізге қаншалықты қызық болып көрінсе де, әңгімемізді шығармашылықтағы жаңалықтарынан бастауға тура келді…

–Өткен жылы алғаш рет актерлік қабілетіңізді сынап, киноға түсіпсіз. Туынды экранға қашан жол тартады?

–Бұған дейін маған эпизодтағы рөлдер ғана бұйыратын. Бұл – менің басты рөлді сомдаған алғашқы картинам. Туындының атауы – «Оқытушы» («Препод»). Менен бөлек, оған еліміздің өзге де танымал әншілері атсалысты. Музыкамен астасқан махаббат хикаясында бас-аяғы менің таңдауымдағы 20 ән орындалады. Яғни, мен фильмнің музыкалық продюсерімін. Жоспар бойынша, «Оқытушы»-ның тұсаукесер рәсімі мамыр айында өтпекші. Сол уақытта сырт көз өз бағасын бере жатар.

–Өзіңізге қандай баға бересіз?

–Ол жағын патша көңілді көрермен айтсын.

–Бұрынырақта берген сұхбаттарыңыздан актерлік өнерге қызықпайтыныңызды, әр салада өз ісінің маманы болу керек деп есептейтініңізді оқыған едім…

–Иә, мен әр істе де «профессионализмнің» болғанын қалаймын. Сондықтан кезінде солай айтқан да шығармын. Бірақ әр адам мүмкіндігінше шыңдалу керек емес пе? Әрі мен фильмде өзімнің табиғатымнан алыстай қойғаным жоқ.

10919338_338032773064585_1542001698_n

–Сіздің қатарластарыңыздың көпшілігі қазірде жастарды өнерге баулып, продюсерлікпен айналысып жүр. Бұл жағынан да қырыңыз бар шығар?

–Мүмкін. Асылы, менде оған уақыт жоқ. Уақытымды бөлсем, өзімнің шығармашылығым ұмыт қалады. Ал мен оны қаламаймын. Оның үстіне, ол үлкен жауапкершілік қой. Біреуді қанатының астына алған екенсің, соның тасының өрге домалауына қалай да сеп болуың керек. Таныс-тамырды ортаға салып, қыруар ақшаны қарастыруың және қажет. Оның бәрін қамтимын деп жүргенде, әншілігім жайына қалады емес пе? Сол себепті, өзгенің де, өз өнерімнің де обалына қалғым келмейді.

–Сонда сізге зор үміт артып келген жас әншінің тауын қайтарасыз ба?

–Зор үмітті маған емес, ол өзіне артуы керек. Хас таланттың қай кезде де жарып шығатынына сенімдімін.

–Сіздің осындай деңгейге жетуіңізге кім ықпал етті деп ойлайсыз?

–Әрине, ата-анам мен ұстаздарым. Маған шын мәнінде өмірде жақсы адамдар көп кездесті. Солардың әсері болар…

–Ал саксафонда ойнауды кім үйретті?

–Петербор мен Алматыда жоғары білім алғанмын. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының саксафон класының алғашқы түлегімін.

–Студент кезіңізде еңбек ете жүріп, коллекциялық топқа жататын саксафон алғаныңызды білеміз…

–Иә, ол сонау 80-нші жылдар еді ғой. «Сильвер» фирмасының арнаулы шығарылымы, алтын түстес музыкалық аспапты мың рубльге сатып алғаным әлі есімде. Ол сол күннен бері маған «қызмет етіп» келеді. Үйде тағы бір саксафон бар, оны Владимир Пресняков сыйға тартқан.

O25qCntAJAs

 

–Оның иесі атануға ата-анаңыз көмектесті ме? Бағасы жұмыс істейтін студент үшін де айтарлықтай қымбат қой…

–Білмеймін, біздің кезімізде ата-анаға арқа сүйеу деген түсінік мүлдем жоқ еді. Қара шабаданымызды арқалап жүріп, өз күшімізбен оқуға түсіп, адам болдық. Саксафонды кешке дәмханаларда жұмыс істеп тапқан ақшамды жинап, қалғанын достарымнан қарызға сұрап сатып алдым. Соның өзінде жарты жылдай ақша жинадым-ау. Саксафонда ойнауды үйренуге деген қызығушылығым күшті болды. Көбіне-көп өзімді әншіден бұрын, ең алдымен саксафоншы санайтыным сондықтан. Оған қоса соның оқуын бітірдім.

–Микрофон жинау – хоббиіңіз екен…

–Онда да екінің бірінің қолында жүрген микрофондарды емес, арнаулы тапсырыспен шығарылғандарды жинаймын. Коллекциямда 1940 жылғы микрофондар да бар. Олардан шыққан дауыс да ерекше естіледі…

–Жас кезіңізде футболшы болуды армандап, веложарыстарға да қатысыпсыз…

–Бала кезімізде барлығымыз да футболшы болғымыз келіп, доп тептік қой. Есейе келе, стадионды сахнаға айырбастадық… Веложарыстарға да қатыстық. Бірақ сондай сайыстардың бірінде мәшиненің астына түсе жаздаған соң, әке-шешем «одан да музыкамен айналысқаның жөн…» деді.

–Сіздің өмірбаяныңыздан «ердің жасында» екенін білгенде, сене қоймадым. Сырт көзге әрі кетсе 30-35-тегі жігіттей көрінесіз…

–Бұрын спортзалдан шықпайтынмын, қазір бармаймын десем де болады. Оған уақытым тапшы. Әртістің күн тәртібімен ол жаққа үнемі бір уакытта барып тұру қиын. Мен бассейнге баруды әдетке айналдырғанмын, сосын бос уақытымда моншадан табыламын. Табиғат аясында серуендеу де денсаулыққа пайдалы.

–Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Алау АЙБЕКҰЛЫ 

«Нұр Астана» газеті 

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close