ЖаңалықтарСпорт

Кім мықты? Қанат Исламның Алматыдағы жекпе-жегі жанжалға ұласты.

Алматыда өткен Қанат Ислам мен Уолтер Каутондоква арасындағы жекпе-жектен кейін бокс жанкүйерлерінің пікірі екіге бөлінді. Алғашқысы отандасымыздың жеңісіне қуанса, екінші тарап шет елдік былғары қолғап шеберін жақтаған, Shownews.kz деп хабарлайды тілшісі.

Алатау баурайында ұйымдастырылған түрлі сенсацияларға толы бокс кеші тосын соққылармен шымылдығын түрді. Басты жекпе-жектен бөлек, қолғап түйістірген сегіз жұптың бірі – аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев пен белорусиялық былғары қолғап шебері. Әдетте, барлық қарсыласын қоғадай жапырып, уақытынан бұрын аяқтайтын отандасымыз, бұл жолы соңғы раундқа дейін шайқасты.

«Бір апта қалғанда қарсыласым ауысып кетті. Мен мүлдем басқа қарсыласқа дайындалып жүргенмін. Сосын осы боксшыны алып келді. Енді ол да оңай емес, өздеріңіз көрдіңіздер. Бұл боксшы жақсы бала, рахмет қарсыласқа. Мықты бала! Нағыз еркек!» — дейді Руслан Мырсатаев.

Көпшілік күткен жекпе-жекке де уақыт келді. Алғашқы раундтарда Қанат қайраттылығын көрсетіп, қара нәсілді Каутондокваны бір сұлатып алды. Ауыр соққы Уолтерге сабақ болған секілді. Афроамерикалық боксшы айқастың аяғына дейін тынбай тер төккенімен, чемпиондық белбеу бәрібір ринг қожайынына Исламға бұйырды!

«Барлықтарыңызға рахмет. Қазақтың туын көкке көтерер жігіттер көп болсын. Бәріміз жан-жақтан қазақ үшін үлес қосайық», — деп Қанат Ислам қазақ халқына алғысын білдірді.

Дүбірлі спорт додасына жанкүйерлерден бөлек, танымал былғары қолғап шеберлері де бой көрсетті. Мәселен, GGG промоушның боксшысы Әли Ахмедовтың бұл жекпе-жек көңілінен шыққан сыңайлы.

«Бүгін бокс жанкүйерлері ерекше эмоция алды деп ойлаймын. Бұл шынымен де бәсекеге толы жекпе-жек болды. Қазақстандық жанкүйерлер дәл осындай жекпе-жектерді көруге лайықты деп ойлаймын», — дейді кәсіпқой боксшы Әли Ахмедов.

Төрешілер Қанатқа басымдық бергенімен, сырттан көз тіккен кәсіби мамандар чемпионның шаршы алаңдағы кемшін тұстарын жіпке тізді.

«Бірінші раундтарда нокдаун беріп күшінің бәрін салды да, соңғы раундтарда Қанат шаршап қалды. Бірақ, бұл жерде күшті үнемдеу деген дұрыс болу керек. Ол деген жаттықтырушылардың қателігі», — дейді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов.

Он раундтық жекпе-жектің бел ортасында белсенділігін азайтқан отандасымыздың бұл әрекетіне себеп те бар көрінеді. Күні кеше Qazaq промоушн жұдырықтасу барысында Қанаттың қолы екі жерден сынғанын ресми түрде растады. Десек те, жүректі жігіт шаршы алаңда соңына дейін шыдап баққан!

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close