ЖаңалықтарШоу бизнесЭксклюзив

Тойдың берекеті кетеді! Асхат Тарғын тараздықтарға неге шүйлікті?

Кешкі сағат 7-де басталып, түнгі 12-де тәмамдалсын! Тараздықтардың той тақырыбына қатысты тың бастамасы әншілер арасында да қызу талқыға түсуде, деп хабарлайды Shownews.kz тілшісі.

Таяуда тараздықтардың тойға қатысты тың бастамасы қазнетте қызу талқыға түскен еді. Аталған өңірдің атқамінелері мен белсенділері қазақтың қуанышын сағат кешкі 7-де бастап, түнгі 12-де тәмамдауын талап еткен.

«Таразда 9 жарымда басталса ерте басталды деп айтамыз ғой. Кейде ауылдық жерлерде 10-да басталады,  қаланың ішінде 9-дан кете басталады. Өте кеш! Негізі осы бастама дұрыс. Мысалы, 6-ға шақырып, 7-де бастап кетсең 12-де тарап, үйге қайтасың. Мына жерде 9-10-да бастасаң, 2-3-те қайтасың. Тойдың берекеті кетеді. Жартысы кетіп қалады, үлкендер қайтып кетеді», — дейді Асхат Тарғын.

Мәселен, «Әзіл әлемі» театрының экс-актеры Дәркен, дәл сол Тараздың тумасы. Оған талқыға түскен тақырып та таңсық емес. Өйткені, өнерпаз таңға дейін жалғасқан талай тойды өз көзімен көрген.

«Ол негізі бізге жақсы болды! Өйткені, ауылда бізде түнгі 11-де басталады. Менің тойым 11 жарымда басталып, таңғы 4-те біткен. Адамдар жиналып болмайды. Қазіргі қойған уақыттар өте қолайлы. Сағат 7-де басталып, 12 немесе 1-де мейрамхана иелері аяқтайды. Бұл өте жақсы», — дейді актер Дәркен Есімбеков.  

Өнерпаздар арасында жаңа бастамаға қарсылық танытқандар да табылды. Солардың бірі – күйші Нұржан Тәжікенов.

«Ондай бір шектеу қажет емес сияқты. Себебі, ол той, ол қуаныш. Той күнде болатын нәрсе емес. Әрине, адам болғаннан кейін әттеген-айлар болады. Кептелісте қалып қояды, жұмыстан кешігіп қалады. Оның бәріне түсіністікпен қарау керек»,  — дейді домбырашы.

Күйші жігіттің дәл бұлай дабыл қағуы тегін емес. Күні кеше Нұржан Тәжікенов Алматыдағы қымбат мейрамханалардың бірінде отандық шоу-бизнестің басын қосып өзінің отыз жасын өткізіп, тұңғышының тұсауын кесті. Бірақ, сағат 7-ге шақырылған меймандар тоғызға тақағанда жетті-ау, әйтеуір!

«Атырауша айтқанда: «кештеу бастаймыз!» Бізде, Атырауда солай ғой. 5-ке шақырады, 10-да басталады. Бірақ, біз олай істемейміз. 10-да бастамаймыз, 7-ге шақырдық, Алла қаласа 8 жарымда бастап кеткіміз келіп отыр. Сәл-пәл бірер минуттан кейін», дейді той иесі Тәжікенов.

Десек те, Жамбыл өңірінің жаңа идеясы өнерпаздардың басым бөлігіне майдай жаққаны байқалады. Межелі мерзімде басталған тойдың, дер кезінде тәмамдалатыны танымалдарды қуантып отыр.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close