Басты жаңалықтарЖаңалықтарКино & Театр

Қазіргі таңда балаларға арналған кино неге жоқ?

«Ақ желкеннен» бір сұрақ

 Елімізде балаларға арналған кино неге жоқ? «Саған күшік керек пе?», «Бəйтерек», «Аңшы бала» сияқты фильмдерді жоққа шығарудан аулақпыз. Шынын айтқанда, отандық кинорежиссерлардың бары осы ғана болып тұр. Режиссерлар неге балалар тақырыбынан қашады? Осы сауалдарды «қолымызға түскен» режиссерлардан сұрап көрдік…

Қанағат МҰСТАФИН, режиссер:

– Елімізде балаларға арналған кинолар өте аз. «Қазақфильмде» соңғы жылдары балаларға арналған екі кино шықты. Негізі балалар киносына сұраныс өте көп, сондықтан да көбірек түсіруіміз керек. Маған режиссер ретінде талай сценарий ұсынды. Соның ішінде балаларға арналған бірде-бір сценарий жоқ. Көбі авторлық жобалар. Əр режиссер өзінің қалаған, түсінген тақырыбына баратыны белгілі. Егер жақсы сценарист болса, мен балалар киносын түсіруге қарсы емеспін. Балалармен талай жұмыс жасадым. Өте қиын. Ойын қуып кетеді, тез жалығады. Бір дубльді 8-9 рет түсіруге тура келеді…

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, режиссер:

– Балалар киносын түсіруге көп режиссердың жүрегі дауаламайтыны рас. Қазіргі күні балаларды таңғалдыру да өте қиын. Сосын Абдолла аға Қарсақбаевтан асырып кино түсіре алмайды біздің режиссерлар. Оның ішінде өзім де бармын. Менің  киноларымның басым көпшілігі қалың көрерменге арналған. Болашақта да балаларға арнап кино түсіремін деп айта алмаймын. Олардың психологиясын білу өте қиын.

Рүстем ƏБДІРАШ, режиссер:

– Күні бүгінге дейін түсірген туындыларымның  арасында балаларға арналғаны жоқ. Бірақ, балалардың да көруіне рұқсат берілген. Елімізде балалар режиссері аз, дегенмен, тəуір туындыларды дүниеге əкеліп жатқан азаматтарымыздың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Мультфильм жанрында да балаларға арналған туындылар бар. Көңілім толмайтыны, балалардың киносын кинотеатрларда беріп жатса, қазақ тіліндегі көрсетіліміне көп ешкім бармайды. Ал орыс тіліндегі көрсетіліміне билет болмай қалады. Өз еліңде жасалып, өзіңнің тіліңде шығып жатқан дүние болғандықтан, жаным ашиды. Киноны түсірген соң оны көретін көрермені болуы керек. Біз қазақ тілінде түсіреміз. Алайда қазақтар орыс тіліндегі көрсетіліміне барады. Сосын қазақ тіліндегі көрсетілімін сатылымнан алып тастайды.

Иə, режиссер ағаларымыз сценарий жазатын адам болса, киноны көретін қалың көрермені болса ғана балаларға арнап түсіре алады екен. Ал, біз ғасыр жылжыса да өміршеңдігін жоймаған «Менің атым – Қожа», «Сүйрік», «Өжет қызды» көріп жүре тұрамыз…

 Сауалнаманы дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ақ желкен», №6
(Маусым, 2016) 

Дереккөз: Zhasorken.kz

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close