ЖаңалықтарПродюсер

Баян Есентаева Әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияға хабарласу керек еді — Е. Тарасенко

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко «ҚазАқпарат» тілшісімен болған әңгіме барысында продюсер Баян Есентаеваның «зардап шеккен соң бір де бір әйелдер жөніндегі ұйым маған көмек қолын созбады» деген жуырдағы сұхбатына қатысты ойын айтты.

«Бұл ретте, қорлық көрген әйелге ұйым емес, қорлық көрген адамның өзі хабарласу керек. Дегенмен, бізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмектесетін ұйымдардың өте аз екенін мойындаймын. Бірақ, зәбір көруші адам қандай да бір қауымдастыққа, болмаса, ұйымға өзі хабарласып, отбасындағы жағдайды, неше жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдап жүргенін жеткізуі керек»,-дейді Елена Тарасенко.

Е.Тарасенконың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа төтеп беру жұмысы күшейген. Бірақ, спикеріміз атап өткендей, қауымдастықтар мен бейімдеу орталықтарының жұмысын әлі жетілдіру керек.

«Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық көретін әйелдерге көмектесу мәселесін алғаш рет осы Ұлттық комиссия көтеріп,  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі заң жобасын әзірлеген болатын. Ол заңды Парламент 2009 жылы қабылдады. Бірақ, ол заңды әлі жетілдіре түсу керек. Қазір Ішкі істер министрлігі мен ұлттық комиссия және де прокуратура заңды пайдалы баптармен толықтыру үстінде»,-дейді Е.Тарасенко.

Айта кетейік, бүгін Астанада «Қазақстан Республикасындағы отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» талқыланды. Оған Әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, әртүрлі әйелдер қауымдастығының басшылары, БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері, шамамен 100 адам қатысып, гендерлік саясат пен отбасының татулығы туралы ойларын айтты. Ал, 2016 жылдың 10 маусымында күйеуі Бақытбек Есентаевтан зорлық көріп, бірнеше жерінен пышақталған Баян Есентаева жуырда берген сұхбатында «ауруханада жатқанда әйел құқығын қорғайтын ұйымдардың ешқайсысы маған хабарласқан» жоқ деген болатын.

ҚазАқпарат

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close