Басты жаңалықтар

Аргоня жайлы не білесіз?

Жо-жоқ, қабылдай алмай ма деп қорықпады ол. Қатып қалған қағидалар мен ережелерді ескермеді. Есесіне, хит болудың жолын тапқан Аргоня бүгінгі күні танымал жұлдызға айналды. Әнші әрі композитор қазақ эстрадасына өзгерек бағыт алып келді.

Аргоня лақапатымен танылған шоу-бизнес өкілінің шын есімі Арғын. Баянауыл өңірінің тумасы Арғын Аусаров 28 жаста. Музыкалық білімі жоқ. Десе де, ән жазып, орындау үшін мұның маңызды емес екенін айтты бізге берген сұхбатында.

«Менде әнші болам деген ой болған жоқ ешқашан. Маған әрдайым ақша табу керек болды. Мен аниматор да, музыкант та, әнші де болдым. Мен келсем, бір адам ән жазып, жұмыс істеп жатады. Оған қарап мен де солай жасай аламын деп ойладым», — дейді Аргоня.

Айта кетейік, Аргоня «Спарта» КВН командасында өнер көрсеткен Данияр Жұмаділовпен бірлесіп топ құрған. «Қаламаймын» әнімен танылған «3038» тобының қоржынында бүгінде бірнеше ән бар.

Аргоняның әніне шоу-бизнес әншілерінің қызығушылығы жоғары. Аз уақыттың ішінде ол бірнеше жұлдызбен дуэт жазып үлгерді. Бейбіт Қорған, Айқын, Қайрат Нұртаспен жазған әндері YouTube арнасында бірнеше миллиондап қаралым жинады. Дастан Оразбековпен де жаңа хит дайындап жатырмыз деп сендіреді.

Аргоня туындыларының әнін де, сөзін өзі жазады. Әлбетте, оның композиторлығына ешкімнің де дауы жоқ. Алайда, ақындығын халық түсінбейді. Дәлірек айтсақ, қабылдай алмайды. Аргоняның өзі еш ақталмақ емес. Анайы, ерсі сөздер деп санамайды ол.

Не де болса, Аргоняның мақсаты біреу – ерекше, жаңа бағыттағы әндерді жарыққа шығару. Бастысы, ол өзінен бастады.

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close