Басты жаңалықтарЖаңалықтарКино & ТеатрПродюсерСұхбаттарТұсаукесерШоу бизнес

Толық қыздар – трендте!

Баян Алагөзова толық қыздардың жұлдызын жақпақ. Жаңа образымен желіде талқыға түскен Тәуекел Мүсілім шындығын айтты. Ал, актриса Қарлығаш Мұхамеджанованы соққының астына алған кім? Бұл туралы толығырақ Shownews.kz тілшісі хабарлайды.

Әдетте дене сымбатын сақтауда қарамағындағы қыздарға қатаң талап қоятын Алагөзова, алғашқы ойынан айныған секілді. Танымал продюсер кезекті картинасы үшін керісінше, артық салмақты актрисаларға іздеу салды.

«Өмірімдегі ең қызықты кастинг болды. Сондай-ақ, іріктеуге келген арулар да сондай күлкілі. Бірде-бір кәсіби актриса қатыспады. Дегенмен еліміздің біраз томпақ бойжеткендері бой көрсетті. Бұл фильмнің көрерменге ұнайтынына кәміл сенемін. Себебі, біздің елде толық қыздар туралы туындылар бұрын-соңды түсірілмеген», – дейді Баян Алагөзова.

Осыдан біраз жыл бұрын Баян ханымның «Осторожно, корова!» атты комедиясы киносүйер қауымның езуіне күлкі үйіргені, көптің есінде. Тіпті, туындыда басты рөлдегі томпақ қыздың образын өзі алып шыққан еді. Бұл жолы Алагөзова «Я пышка» атты кезекті толықметражды фильмін таспалауда. Аталмыш киноға басты кейіпкерді сомдайтын толық қызды табу аса қиындық тудырмағанын айтты.

«Ол – Ақтөбе қаласының тумасы. Америкада актерлық шеберлік бойынша тәлім алған. Алайда, оқуын аяқтамаған», – деді продюсер.

 «Кастингтің өзіне кешігіп қалдым. Сосын телефон шалып, іріктеуден өту үшін Алматыға келдім. Негізі бізде толық қыздар өмірде өздерінің дене бітімін көрсетуге көбінесе ұялады ғой. Сол қыздардың атынан мен шығайын деп тұрмын», – дейді басты рөлдегі Назерке Назарова.

Бұл фильм Назеркенің кино әлеміндегі алғашқы еңбегі. Алайда, іріктеуден өткен аруға аталмыш туындының шығармашылық тобы кейіннен талапқа сай келмейтінін жеткізген. Мұны естіген ол, тәуекелге бел буған.

«Жеті килограмдай қостым. Бірінші талап сол болды. Одан кейін актерлық шеберлік, дикция жағы, менде акцент болды. Өйткені, фильм орыс тілінде, ал мен қазақша сөйлеймін» – деп, ашығын айтты актриса.

Фильмде отандық танымал актерлар да төбе көрсетеді. Аталмыш туындыда Мақсат есімді сән үйінің бастығын сомдайтын Тәуекел Мүсілім, бұл жолы жаңа образының сырын ашты.

«Бұл өзімнің шашым емес, жалғанған, иыққа дейін келеді. Қалай тез арада өсірдің деп, көбі таңданады. Көрермен көбінесе күнделікті образға үйреніп қалғандықтан, өзгеріс жасауға Баян Мақсатқызы ұсыныс білдірді. Сосын осы стильге тоқтадық. Маған ұнайды. Өзім де шаш өсіргім келетін», – дейді Тәуекел.

Бұл туындыда Қарлығаш Мұхамеджанова да бой көрсетеді. Үнемі жағымды рөлдерді сомдап үйренген актриса, тұңғыш рет жанына жат кейіпкерді ойнамақ.

«Киноның продюсері мен режиссері маған толығымен образымды өзгерту керектігін айтты. Сол үшін шашымды қысқарттым, боядым. Кекіл қидым. Бұл маған жүз пайыз керағар кейіпкер. Ол тәкапппар, кішкене ақылсыздау, қатал адам», – деді актриса.

Қарлығаш түсірілім алаңындағы қиындықтар туындағанын, тіпті сәтті образды сомдау үшін, соққыға да жығылған көрінеді.

«Сценарий бойынша төбелесетін тұсымыз бар, бұл сахна маған ғана емес, барлық түсірілім тобына қиынға соқты деуге болады. Үйге келген соң шешініп қарасам, денем түгел көгеріп қалған, түсірілім барысында байқалмаған еді. Біраз уақыт өткен соң бүкіл денем ауыра бастады», – дейді Қарлығаш Мұхамеджанова.

Бірнеше күнге созылған түсірілім жұмыстары таяуда тәмамдалады. Толық қыздардың тағдыры туралы туынды, келер жылдың ақпанында үлкен экранға жол тартады.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button
Close