Басты жаңалықтарЖаңалықтарМузыкаШоумен & ТұлғаӘнші

Мұратбек Хайролда, «Қазақстан дауысы-2015» жобасының жеңімпазы: Халықаралық байқауларда жеңімпаз атансам да атым шықпап еді

1450634038_scrns-00010

Ұлан: Мұратбек, жоба барысында «Алтын бас», «сары бала» атандыңыз. Ал жақындарыңыз сізді қалай еркелетеді?

Мұратбек: Кішкентай кезімде бұдан да сары болғам (күлді). Өзім əн айтқышпын. Сонда ауылдағы достарым мазақтап, «əнші балапан» дейтін. Мен оған тулап, ренжитінмін (күліп). Сол достарымның айтқаны айдай келді ғой. Əнші атанып жүрміз.

Ұлан: Қай ауылдың баласысыз?

Мұратбек: 1990 жылы 28 шілдеде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келгенмін. Бір жарым жасымда Қазақстанға көшіп келіппіз. Содан Ақмола облысы, Степногорскіде өскен баламын.

Ұлан: Жобаға қатысушылардың көпшілігінің музыкалық білімі жоқ. Ал сіз қай оқу орындарында білім алдыңыз?

Мұратбек: Кішкентай күнімнен əкем мені өнерге баулыды. Ойнай алмасам да, үйге арнайы домбыра, баян əкеп қойды. Сосын Степногорскідегі музыка мектебінің баян сыныбына берді. Бүгінде домбыра мен баянда ойнай білемін. Əкем ес білгенімнен-ақ Жаяу Мұса мен Біржан салдың əндерін үйретті. 11-сыныпты бітірген соң, Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық колледждің эстрада бөліміне түстім. Бір жылдан соң облыстық «Дельфий ойындары» байқауына қатысып, 1-орынды алдым. Сосын республикалықта жеңімпаз атандым.

Мені сонда Гүлдана Базылхан деген апайымыз байқап, Астанадағы музыкалық колледжге оқуға шақырды. Ол кісі колледждің кафедра меңгерушісі болатын. Қуана-қуана Астанаға ауыстым. 1-курсты аяқтаған кезде «Қазақстан дауысы» жобасының бірінші маусымына қатыстым. Медеу Арынбаев ағамыздың тобына түстім. «Шайқас» кезеңінде жобадан шығып қалдым. Сол кезде «Бұл менің жеңілісім болса, алдағы уақытта менен жеңіс күтіңіздер» деп едім. Медеу ағам «əумин» деген. Бұл жолы достарымның бəрі де қатыспай-ақ қоюымды өтінген. Тағы орта жолдан шығып қалсаң, сын көз бар емес пе деген. Ал мен айтқан уəдемді орындағым келді. Ата-анам дем беріп, «бағыңды сынап көр» деді.

Ұлан: «Қазақстан дауысына» дейін бірнеше республикалық, халықаралық байқауларда топ жарған екенсіз. Бірақ, сізді тыңдарманның дені енді таныды. Мұның себебі аз жұмыс жасағаныңызда ма?

Мұратбек: Украинада өткен екі байқаудан бас жүлдемен қайттым. Түркия мен Ресейде өткен байқаулардан да жеңімпаз боп қайтқанмын. Елімізде мен қатыспаған санаулы ғана байқау қалған шығар, бəріне қатыстым. Дегенмен, халықаралық байқаулардың бəрі бірдей елімізде эфирден көрсетілмейді. Содан да көпшілік кімнің, қайда барып-келіп жатқанынан бейхабар болып қалады. Ал «Қазақстан дауысын» елімізде миллиондаған көрермен тамашалайды. Суырылып шыққандарды халық танып, мойындай бастайды. Осы тұста Нұрғали Тұрлыбеков есімді колледждегі ұстазымның еңбегін ерекше атағым келеді. Сол ұстазымның арқасында талай жерде топ жардым. Қазір Астанадағы Өнер университетінде Сембек Жұмағалиев ағамыздың тəлімін алып жүрмін.

1450694676_1504520_737479983049604_5312060297949934073_n

Ұлан: Ең алғаш елге əн айта алатыныңызды көрсеткен сəт есіңізде ме? Бала күніңізде қандай əндерді жиі орындадыңыз?

Мұратбек: Əкем інім екеумізге үйде əн айтқызып қоятын. Əкем де, анам да мектепте мұғалім. Əкем химия-биологиядан, аннам физика-математикадан сабақ береді. Алғаш сахнаға 3-сынып оқып жүрген кезімде шықтым. Оның өзі аяқасты болды. Мектепте концерт өтіп жатты. Сонда бір орындаушы шықпай қалып, соның орнына анам мені шығарып жіберді. Үйде күн сайын əндетіп жүрген соң, сахнаға еш тайсалмай шықтым. Баянның сүйемелдеуімен «Ақ сисаны» орындадым. Сонда бəрі «мына бала əнші екен ғой» дескен.

Ұлан: Жоба барысындағы əріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз қандай?

Мұратбек: Ең соңында Жаннат Əділханқызы екеуміз қалдық қой. Жобаға барған сəттен бері таныс-біліс болып, достасып кеттік. Соңғы сынақ алдында ұйымдастырушылар жағдайымызды жасап, арнайы үй бөлген еді. Сол үйде Жаннат екеуміз бірге тұрдық. Бір нанды бөліп жедік. Қытайға кетті қайтадан. Бұйырса, хабарласып тұрармыз. Ол – өте таланты əнші. Бұл жолы менің бағым жанған шығар, бəлкім.

Ұлан: Жобаға дейін қандай қызмет атқарып жүр едіңіз, енді не істемексіз?

Мұратбек: Қазір Қазақ ұлттық Өнер университетінде 3-курста оқимын. Жарыққа шығара алмай жүрген əндерім бар еді. Енді сол əндерімді халыққа жеткізуге мүмкіндік пайда болды. Сондай-ақ, Ақмола облысының Малиновка ауданының Мəдениет үйінде қызмет істеймін. Ары қарай қалай боларын көре жатармыз.

 Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан» газеті, №1, 5 қаңтар 2016 жыл)

Дереккөз: Zhasorken.kz

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close